Жамбылда «30 игі іс» жобасы аясында 55 млн теңге жиналған
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында жыл басынан бері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында 3000-нан астам іс-шара өткізілді.
Өңірдегі әкімдіктің Ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтің айтуынша, оның төртеуі халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Республикалық деңгейде – 13, облыстық деңгейде – 90 іс-шара өтіпті. Қалғандары қала мен ауданның ғана аумағын қамтыған.
Маусым айындағы Рәміздер күніне орай «Елтаңбам – елдігім, көк Туым – теңдігім!» атты патриоттық акция, «Қасиетті көк байрағы елімнің!» атты көпқабатты тұрғын үйлердің балкондарына Ту ілу науқаны өтті. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Денсаулық» аллеясын аштық, БАҚ қызметкерлері күніне орай облыстық спартакиада ұйымдастырдық. Одан бөлек, егемендігіміздің 30 жылдығын мерекелеу аясында «30 игі жоба» Жол картасы бекітілді, - деп атап өтті спикер.
Бұл жобалар халықтың тұрмыс-жағдайын, әл-ауқатын жақсарту мақсатында іске асырылып жатқан көрінеді. Мәселен, Жол картасында көрсетілген 30 жобаның бүгінгі күнге 26-сы бастау алып қойған. Қастерлі мейрам қарсаңында берілуі тиіс 30 үйдің қазіргі таңда төртеуі үлестіріліп қойыпты. Оның екеуі 135 пәтерлік болса, екеуі 90 пәтерлік, Тараз қаласында орналасқан. 30 әлеуметтік дүкеннің 29-ы көпшіліктің игілігіне қызмет етіп тұр, 16-сы облыс орталығында орын тепсе, 13-і аудандарда. 20 білім нысанының біреуі пайдалануға берілген. Ол – Жамбыл ауданындағы 100 орындық орта мектеп. Осы аудандағы Тутұғырдың да құрылысы тәмам. Тараз қаласында «Асар» мүгедек жандарға арналған оңалту орталығы қызметін бастап кетті. Сонымен қатар көптеген қайырымдылық акциялары ұйымдастырылуда.
Бейқұт Тілебалдыұлы аймақта «Жомарт түлек - 2021» жобасы іске асырылып жатқанын еске салды. Бұл жобаның барысында әулиеаталықтар кіші отанына, яғни туған ауылдарына, мектептеріне көмек көрсету жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Бүгінде Жамбыл облысында «Жомарт түлек» интернет порталы құрылып, жұмыс істеп тұр. Онда 164 874 түлек тіркелген екен.
Осы бастаманың аясында 3 STEAM зертханасы ашылып, 3 спорт кешені салынды. Тағы осындай 4 кешеннің, 6 денсаулық сақтау орталығының құрылысын жоспарлап отырмыз. Жалпы, түлектер тарапынан 2,8 млрд теңгеге 73 елді мекенде әртүрлі жобалар жүзеге асуда. Сондай-ақ, өңірде «Асарлатып үй салу» жобасы сәтті жүргізіліп жатыр. Мұның шеңберінде ағымдағы жылы Жамбыл облысы бойынша 134 үй салуды көздеген болатынбыз. Қазіргі таңда 15 үйдің кілтін тапсырып үлгердік. Жалпы осы жоба бойынша 2,3 млрд теңгенің басын құрап, 233 үй салатын боламыз. 100-ге тарта баспананы былтыр тапсырғанбыз, - деді басқарма басшысы.
Ол биылғы наурыз айынан бастап бірнеше қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып жатқанын алға тартты. Олардың қатарында «Қайырымды істер марафоны», «Менің бастамам», «Мейірім», «Мейірімділік керуені», «30 жылдыққа – 300 мың ағаш», «Тегін такси. Тегін автобус» акциялары бар. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өзі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» жобасы аясында 55 446 360 теңге жинап, 6 640 азаматқа түрлі көмектер көрсеткен. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шаралардың легіне «Таразға тарту» жобасы да кіреді. Бұл бойынша 42 нысанға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа саябақтар мен скверлер ашылу үстінде. 21 саябақ пен сквер, көшелер жөнделуде, 5 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті сырланыпты.
Жамбыл облысында дербестігіміздің мерейлі тойына байланысты алдағы уақытта да бірқатар маңызды шараларды жоспарлап қойдық. Айталық, тамыз айында Түркістан облысындағы Жамбыл облысының күндері, «Тараз және түркі өркениеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына орай мерейтойлық кеш және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай конференция, «30 жұлдызды күн» және тағы басқа да түрлі форматтағы жиындар ұйымдастырылады, - деді Бейқұт Жамангөзов.
Жауапты маманның сөзінен білгеніміздей, аймақта жақын арада «Анаға тағзым» орталығы, көркем гимнастика және үстел теннисіне арналған спорт кешені сынды нысандар да елдің игілігіне берілмек.