Жамбылда 2025 жылдан бастап қант өндірісі 150 мың тоннаға дейін артады
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында былтыр 19 млрд теңгеден астам қаражатты құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асып, 600-ге жаңа жұмыс орны ашылған.
Бұл туралы өңірдегі әкімдікке бағынысты ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов айтты. Ал, биыл 17,5 млрд теңгеге 9 жоба қолға алынып жатыр. Оның ішінде Байзақ ауданындағы құс шаруашылығы, Жуалы ауданындағы сүт өнімдерін қайта өңдеу цехы, Тараздағы кондитерлік өнімдер фабрикасы, Шудағы макарон өнімдері цехы, Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласындағы көкөніс сақтау қоймалары бар.
Сонымен қатар Меркі ауданының шаруалары су үнемдеу технологиясын енгізіп жатыр. Бұл жобаның аясында 129 тұрақты жұмыс орны құрылады. Қазіргі кезде аймақта инвесторлардың қаражатымен жалпы құны 1,5 млрд теңгеге жететін 3 жоба жүзеге асып үлгерді. Бұл шарамен 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтыдық. Бұл жобалардың 2-еуі, яғни көкөніс сақтау қоймалары Меркі мен Шу аудандарында орналасқан. 1 кондитерлік цех Тараз қаласына ашылды. Тағы 6 жоба бойынша тиісті жұмыстар атқарылу үстінде, жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс, - деді басқарма басшысы.
Ол келесі жылы 97,5 млрд теңгеге 8 жоба іске қосылатынын хабарлады. Осындай жұмыстар одан кейін де жалғасады. Демек, 2024 жылы 203,6 млрд теңгеге 6 жоба халықтың игілігіне қызмет ететін болса, 2025 жылы 2,2 млрд теңгеге 2 жоба іске қосылады деп жоспарланған.
Жалпы 2025 жылға дейін көзделген инвестициялық жобалар жүзеге асатын болса, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуға айрықша мүмкіндік туады. Мәселен, сүт өндірісінің көлемін 76,5 мың тоннаға ұлғайса, еттің барлық түрінің 68 мың тоннасын ұсынатын боламыз. Қайта өңделген сүт өнімдері – 41,6 мың тоннаға, қант өндірісі 150 мың тоннаға артатындығына сендіремін. 1 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын енгіземіз, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларының сыйымдылығы қосымша 106,1 мың тоннаға артады, инвестиция көлемі жыл сайын 15-30 %-ға өсетін болады, - деп уәде берді Ербол Жұмабекұлы.
Ол Жамбыл облысында азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2022-2025 жылдар аралығында Жол картасынан тыс 711 жоба жүзеге асатынын атап өтті. Оның ішінде 29 қайта өңдеу кәсіпорны, 451 жылыжай және мұздатқышы бар, сыйымдылығы 21,5 мың тоннаны құрайтын 37 көкөніс сақтау қоймасы бар. Мұнда 2 725 адамға тұрақты жұмыс орындары ашылмақ.
Осы жобалар толық жүзеге асса, алдағы үш жылдың ішінде ірі және шағын қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктелімі – сүт 80 %-ға, ет 40 %-ға артады. Әр ауданның мерзімаралық кезеңде азық-түлік өнімдерін сақтайтын қоймалары болады және облыс тұрғындарының жылыжай өнімдерімен маусымаралық кезеңдегі ішкі қажеттілігі қамтамасыз етіледі, - деді спикер.
Өңірдің бас аграномы 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының екінші кезеңі туралы да баяндады. Бұл жоба бес бағыт бойынша іске асырылып, жалпы 9,2 млрд теңге игерілген. Оған республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлініп, 2,5 %-бен 2 489 өтінім қаржыландырылыпты.
Жергілікті қазынадан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникаларын алуға 2 млрд теңге қаралып, ол несие ретінде 5 %-бен үлестірілді. Биыл жоба аясында берілген несиелердің кері қайтарылған қаражаты есебінен қанатқақты жоба ары қарай жалғасуда. Қазіргі таңда Жамбыл ауданындағы – Өрнек, Байзақ ауданындағым – Үлгілі және Жуалы ауданыныдағы Ақсай ауылдық округтерінің тұрғындарын несиелендіру жұмыстары аяқталды. Бұл округтердегі 253 тұрғынға 1,2 млрд теңге несие берілсе, ауылдық округтерде құрылған кооперативтерге 177,5 млн теңгені құрайтын 28 дана техника лизингке берілді, - деді Ербол Жиенқұлов.
Оның сөзінен белгілі болғандай, жоба аясында бүгінде барлығы 5 529 бас мал сатып алынған. Оның 539 басы мүйізді ірі қара болса, 58-і бұқа. Сондай-ақ 929 бас жылқы және 4 003 бас ұсақ мал бар. Бұдан бөлек, 570 бас құс сатып алынған. 10 тұрғын өздерінің кәсіптерін ашса, 3 жылыжайдың құрылысы жүргізіліп жатыр.