Жамбылда 20-дан астам заңсыз қоқыс полигоны анықталды
Жамбыл облысында ешқандай құжаты немесе экологиялық рұқсаты жоқ 24 қоқыс полигоны анықталды. Олар жергілікті билікке ескертпестен жайбарақат жұмыс істеген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ал аймақтағы өзге 100 полигон жыл сайынғы қалдық есебін мүлде тапсырмапты. Оған әкімдіктің де сұрау салмағаны белгілі болды. Табиғатты қорғау прокуратурасы жұмысына салғырт қарағандарды жауапқа тартып, 300 мың теңгеден аса айыппұл салды.
Жалпы аймақта 163 қоқыс тастайтын орын бар екен. Бірақ барлығында қалдықты сұрыптап, көлемін есепке алуы талапқа сай емес. Қоқысты өртеп, экологиялық талапты бұзатындар да аз емес.
Қазіргі таңда 9 тұлға жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдері бар. Экология департаментінің басшылары тәртіптік жауапқа тартылды. «Жасыл Тараздың» қызметкерлері арнайы полигонда тәркіленген электронды темекілерді сол жерде жойып өртеген. Бұл факті бойынша қазіргі таңда әкімшілік жауапқа тартылды, - деді Табиғатты қорғау прокуратурасының аға прокуроры Еркін Әлмаханов, – деп хабарлайды BAQ.KZ.