Жамбыл жерінде 350-ден астам діни бірлестік жұмыс істейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев имамдармен кездесіп, өңірдегі діни ахуалды талқылады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.
Аймақ басшысы атап өткендей, қазіргі таңда облыста 350-ден астам діни бірлестік жұмыс істейді, олардың басым көпшілігі мешіттер. Кез келген ілім бейбітшілік пен жақсылық идеяларын уағыздайды десек, осы орайда жергілікті дін қайраткерлері де Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға өз үлестерін қосуы тиіс. Сенім иелерінің, әсіресе жастар арасында сабырлық пен толеранттылық негіздерін оқытуға ден қою керек.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл тұрғыдан келгенде діни нысандарды жеке қаражат есебінен салуға ешкім қарсы еместігі, алайда басты міндет ретінде – балаларға сапалы білім беру маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік тілді міндетті түрде оқыту, оны қызмет барысында пайдалану жайы да назарға алынды. Имамдардың әр сөзі келушілер үшін үлкен рөл атқарады десек, олардың дайындық деңгейі мен өзекті мәселелері, шет елдерден жеткізілетін діни әдебиеттердің мазмұнына аса мән беру мәселесіне көңіл бөлінді.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров ҚМДБ-мен бірлесіп елімізде тыйым салынған діни ұйымдар мен ағымдардың жолын кесу бойынша алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бүгінде қоғамда діннің ықпалы күн санап артуда десек, оған дәлел ретінде жұма намазға келетіндердің саны облыс бойынша 35 мыңнан 37 мыңға көбейгенін және олардың басым бөлігі жастар екенін айтуға болады.
Басқосу барысында облыс әкімі басқарма басшысының баяндамасын ортасынан тоқтатып, жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселесі мен мақсатын еске салды. Қалыптасып отырған жағдайды жақсарту үшін ведомство қандай қадамдар жасай алатындығын сұрады.
Мектептерде онлайн-дәрістер өткізіліп, теологтар мен журналистерден арнайы топтар құрылды. Қордай ауданында имамдар үшін қазақ тілін үйрету курстары ашылған. Алдағы уақытта онда басқару бөлімін құру жоспарланып отыр.
Облыс басшысы өңір бойынша 70 теологтың еңбек ететініне күмән келтіріп, бір аймақ қана емес, тіпті ел көлемінде мұндай мамандардың санының болуы екіталай екендігін алға тартты. Сондай-ақ басқарма ауылдағы мешіт имамдарының не туралы уағыз айтатындығын қадағаламайтындығын, дін көшбасшыларының көзқарастары бойынша зерделеу шараларын ұйымдастырмайтындығына көңіл бөлді. Мемлекеттік ақпараттық саясат аясында жұмыстардың әлсіздігін тілге тиек етті.
Жамбыл облысының бас имамы Қанат Жұмағұлов дін қызметкерлерінің алдына жаңа міндеттер қойылып отырғанын айтып, ол бойынша ел мұсылмандары діни басқармасының сайтында танысуға болатындығын жеткізді. Қазақстан мұсылмандары діни тұғырнамасының "Жеті рухани қазық" қағидаттарын келушілер арасында насихаттап, оларды өзара қарым-қатынаста қолдану қажеттігіне тоқталды.
Бердібек Сапарбаев діни жоралғыларды өткізу кезінде ысырапшылдықтан бас тартып, қарапайымдылық пен қайырымдылық шараларына көңіл бөлуге шақырды. Сондай-ақ имамдар мешіттерде айтылған әрбір сөз үшін жауапкершілікті сезініп, қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға үлестерін қосу қажеттігін баса айтты.