Жамбыл облысының креаторлары Астанада 15 млн теңгеден астам өнім сатты
Жәрмеңкеде қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, авторлық брендтер, кітаптар, картиналар, мүсіндер мен фототуындылар ұсынылды.
Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Жамбыл облысының «Асқақ рухты Әулиеата» креативті жәрмеңкесі аяқталды. Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылды.
Екі күнге созылған жәрмеңкеге 6 мыңға жуық адам қатысты. Нәтижесінде Жамбыл облысының креаторлары 15 млн теңгеден астам өнім сатты.
Жәрмеңкеде қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, авторлық брендтер, кітаптар, картиналар, мүсіндер мен фототуындылар ұсынылды.
Сондай-ақ келушілер ұлттық мәдениет пен заманауи цифрлық технологияларды ұштастырған IT-жобалармен, соның ішінде жасанды интеллект негізінде әзірленген жобалармен танысты.
Creative Aimaq жобасын келесі болып Қызылорда облысы жалғастырады. Өңірдің креативті жәрмеңкесі 12-13 қыркүйекте өтеді.