23 Қараша 2026, 16:54 Фото: president.kg

12 жылға сотталған: Жамбыл облысының экс-әкімі түрмеден ерте босап шыққаны рас па?

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев жазасын өтеуден босатылмайтын болды. Алматы облыстық соты оны ауыр науқасына байланысты жазадан босату туралы Алатау қалалық сотының шешімін жойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұған дейін Алатау қалалық соты Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты жазасын әрі қарай өтеуден босату туралы қаулы шығарған. Алайда бұл шешімге апелляциялық шағым түсіп, істі Алматы облыстық соты қайта қарады.

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін заңсыз деп таныды. Сот алқасының мәліметінше, Көкірекбаевтың ауруы жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізіміне кірмейді. Бұл тізім Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген.

Осыған байланысты апелляциялық сот Алатау қалалық сотының қаулысын жойып, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №57 мекемесі ұсынған Көкірекбаевты жазадан босату туралы өтінішті қанағаттандырмады.

Прокурор мен медициналық комиссияның әрекеті тексеріледі

Сот бірінші сатыдағы отырысқа қатысқан прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты да жеке қаулы шығарды. Олар Көкірекбаевты жазадан босату қажет деген негізсіз қорытынды бергені үшін жауапкершілік мәселесін қарау Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне жолданды.

Сонымен қатар сотталған азаматтың жазасын өтеуіне кедергі келтіретін ауруы бар деген қорытынды шығарған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жеке қаулы жіберілді.

Алматы облыстық сотының хабарлауынша, апелляциялық соттың шешімі заңды күшіне енген. Демек, Кәрім Көкірекбаевты ауруына байланысты жазадан босату туралы бұрынғы қаулы күшін жойды.

Еске салайық, Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 

Сот үкімі Алматылық сотта шығарылды. Мемлекетке келтірілген залал мөлшері – шамамен 2 млрд теңгені құрайды.

Алматы облысында өткен сот процесінде Жамбыл облысының экс-әкімі Карим Көкірекбаев, оның орынбасары Адилет Ахатаев және мердігер ұйымның басшысы Андрей Поплавский кінәлі деп танылды.

Тергеу материалдарына сәйкес, Көкірекбаев пен Ахатаев аса ірі көлемде пара алған. Ақша мердігер компанияның директоры Поплавскийден заңсыз түрде алынған. Олар бұл қаражатты атқарылмаған жұмыстар бойынша жалған актілерге қол қою үшін алған.