Жамбыл облысының диқандары су тапшылығынан зардап шегіп отыр

Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында депутаттық сауал жолдаған сенатор Әбдәлі Нұралиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, аграршылар сенаторға суарылатын алқаптағы судың тапшылығына қатысты проблемаларды айтып шағымданған. 

Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері сенатор суарылатын алқапқа судың жетіспеуінен зардап шегіп жатқанын айтқан. Сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселелерді шешудің жолдарын ұсынды.  

Сауалда 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін екені атап өтілген. Ал Қазақстан Республикасындағы жер асты суының картасында еліміздің оңтүстік, сондай-ақ солтүстік және шығыс облыстарында орналасқан жер асты суының қоры анықталғанымен, оны суармалы егіншілікте пайдалану жоспарлы түрде қарастырылмаған.

Осы орайда өткен жылы бір топ Сенат депутаттарымен аталған проблемаларға қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолданған. Өкінішке қарай, депутаттық сауалымыздың жауабы жалпылама сипатта болып, оң шешімін таппай отыр. Нәтижесінде бүгінгі күні бірқатар ауылшаруашылық тауарын өндірушілер жерасты суларын егіншілікке пайдалану мақсатында дайындаған Жобалау-сметалық құжаттамаларын мемлекеттік сараптамаға ұсынып, оның қорытындысын алуға қол жеткізе алмауда. Ал анықтаманы беретін уәкілетті органдар, кеңес одағы кезінде дайындалған жерасты су қоры анықтамалығының пайдалану уақыты 25 жылдан асып кетуіне байланысты деректерді бере алмайтынымен түсіндіреді, - деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар депутат Жамбыл облысы Мерке ауданындағы Аңдас-1, Аңдас-2, Аңдас-3 маусымдық реттеу құймалы тоғандарының құрылысын қаржыландыруға қатысты жағдайды да назардан тыс қалдырмады. Олар бойынша сметалық жобалар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Тоғанның толық сыйымдылығы 1,1 млн куб метрді құрайды. Жоспарланған суару аумағы – 980 гектар. 

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жерасты суларын егіншілікте пайдалану мақсатында дайындалған ЖСҚ мемлекеттік сараптамаға ұсынуға қол байлау болып отырған жерасты су қорының анықтамалығын тиісті уәкілетті органдардың қамтамасыз етуіне нақты тапсырма беруді ұсынамын. Жамбыл облысы Мерке ауданындағы Андас-1,2,3 маусымдық реттеу құймалы тоғандарының құрылысына қажетті 1 782 937 мың теңге қаржы қарастыруды сұраймыз, - деді сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы