Жамбыл облысының аумағында 5 күн ішінде 10 қару табылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылдың қаңтар айының басында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған қаруды анықтау мақсатында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ағымдағы жылдың наурыз айының 7-сі мен 12-і аралығында Жамбыл облысының аумағында 10 қару табылып, тәркіленді.
Олардың ішінде 4 дана "Калашников" маркалы автомат, 2 дана "Макаров" маркалы тапанша, 3 дана аңшылық қару, 1 ойық мылтық және әртүрлі калибрлі 400-ден астам патрон бар.
Табылған қаруға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтыны туралы еске салады.
Анонимділікке кепілдік беріледі. Егер сізде ұрланған қару-жарақ, оқ-дәрілер және арнайы құралдар туралы ақпарат болса, "102" тетігіне қоңырау шалыңыз, - делінген ақпаратта.