Жамбыл облысындағы жарылыс жұмыстары қарашада аяқталады
Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. Жамбыл облысы Байзақ ауданында тағы жарылыс болып жатыр. Бұл 28/349 әскери бөлімінде қалып қойған оқ-дәрілерді жою жұмыстарының жалғасы, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жарылыс күзге дейін созылады. Мамандар қоймадағы қауіпті қалдықтарды шығарып, шалғайға апарып жарып жатыр. Бірақ жергілікті шаруа қожалықтары мал төлдейтін уақытта жарылыс ұйымдастырмауды өтінген. Сөйтіп бұл іс кейінге шегеріліпті. Бүгіннен бастап қару қалдықтарын жару ісі қайта қолға алынды. Бұл процесс елдімекендерден қашық жерде жүзеге асырылуда. Әскерилер, оның адамға да, жан-жануарға да зияны жоқ деп сендіреді. Бұл жайында жақын маңдағы тұрғындардың бәріне ескертілген дейді.
Жарып болған соң 15 минут күтеміз алаңда. Одан кейін біздің топ командир, басшыларымыз бар. Олар барып көріп келеді. Рация арқылы бізге баяндама жасайды. Біз одан кейін барамыз. Жарылмағандарды сол жерге барып жатқан жерінде жарамыз. Ондай жағдай біздің практикамызда болған жоқ. Барлығы жойылып жатыр. Жару жұмыстары күніне екі мезгіл жүргізіледі. Және ол күз айларына дейін жалғасады, - деді 28349 әскери бөлімінің маман сапері Берік Үркімбаев.
Әскери қойма аумағы әлі де жарылғыштардан толық тазартылып бітпеген. Нақты қанша көлемде жойылатыны да белгісіз екендігін айтады мамандар.
Техникалық территорияда тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Әр ғимарат, қоймалардан табылғанын осында алып келіп, жарып жатырмыз. Аздан жарып жатырмыз. Өйткені жақын арадағы елді мекендердің қауіпсіздігі үшін. Бар салмағы 600-700 келі тратил эквивалентінде, - дейді 28349 әскери бөлімінің командирі Еркін Әбсадықов.
Еске салсақ былтыр Байзақ ауданындағы қару-жарақ қоймасында жойқын жарылыс болып 17 адам қаза тапқан еді. Төтенше жағдайдың себебі күні бүгінге дейін жарияланбай отыр. Бір әскери адам әлі күнге дейін табылмай жатыр. Жоғалған кіші сержант Дауытбаев Бауыржанды іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ.