Жамбыл облысындағы шекарадан 6 млн доллардың есірткісі тәркіленді
Шекара арқылы көлікпен Қазақстанға ірі көлемде есірткі кіргізбек болған шетелдік ұсталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасына ірі көлемдегі есірткі заттарын кіргізудің кезекті әрекетіне тосқауыл қойды. 2023 жылғы 31 мамырда Жамбыл облысының Қордай ауданындағы «Қарасу» өткізу пунктінде шекара наряды шетелдік азамат тізгіндеген жүк көлігін тоқтатты. Көлік құралын тексеру барысында өзге тауарлардың арасына жасырылған 800 келіге жуық каннабис шайыры табылды. Тәркіленген заттардың «қара» нарықтағы құны 6 млн АҚШ долларынан аса сомада бағалануда, - делінген мәліметте.
ҰҚК органдары есірткі заттарын заңсыз тасымалдау және өткізу фактісі бойынша прокуратура органдарымен бірлесіп сотқа дейінгі тергеу жүргізуді бастады.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында тәркіленген есірткі заттары Ресей Федерациясындағы қылмыстық топ мүшелеріне арналғаны анықталды. Ресейдің құзыретті органдарымен бірлескен іс-шаралар барысында есірткі трафигінің ұйымдастырушылары құрықталды. Қылмыстық істің өзге де мән-жайлары Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілуге жатпайды, - делінген ҰҚК ақпаратында.