Бүгiн 2026, 12:26 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жамбыл облысындағы сарбаз өлімі: Рота командирі сот алдында жауап береді

Биыл 27 қаңтарда сарбаз Е.Рустемұлының қаза болу себептерінің бірі болған Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлім рота командирінің қызметке салғырт қарауы бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды.

Жамбыл облысында Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімнің рота командиріне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бас әскери прокуратура мәлімдегендей, тергеумен лауазымды тұлғаның жеке құрамның қызметін және әскери қызметшілердің қаруды қолдануын бақыламағаны, сонымен қатар қаза болған сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдаланғаны анықталды.  

Қысқа мерзім ішінде қажетті дәлелдер жиналып, қылмыстық іс сотқа қарау үшін жолданды. Сарбаздың өліміне қатысты басқа да мән-жайларды тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр, тергеу барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы бойынша, алдын ала тергеу деректерінің басқа мәліметтері жариялауға жатпайды, - деп хабарлады Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі. 

Еске салайық, 27 қаңтарда Жамбыл облысында қаруды ұстау кезінде ауыр жарақат алған мерзімді қызметтегі әскери қызметші қайтыс болды.

ҚР Қорғаныс министрлігі жыл басынан бері әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты шұғыл шаралар қабылданғанын мәлімдеді. Бірнеше сарбаз қаза болғаннан кейін командирлер қызметінен босатылды.

Министрлік Жамбылдағы сарбаз өлімі туралы іс жеке бақылауда екенін айтты.