Жамбыл облысындағы қиын учаске бойынша теміржол қозғалысы қайта жанданды

Ауа-райының қолайсыздығы мен нөлдік көріну жағдайында Жамбыл өңірінің теміржолшылары тәулік бойы қармен күрес жүргізуде. Ағымдағы жылғы 13-15 желтоқсан аралығында 11 мың текше метрден астам қар жиналды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жолдарды тазарту үшін арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жолаушылар пойыздарының қозғалысы қиын учаскеде қайта жанданды. Өңір теміржол учаскелерінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пойыздардың жүру жылдамдығына шектеу қойылды. 

«Жолаушылар тасымалы» АҚ ауа райы жағдайлары жақсарғанға дейін пойыздар қозғалысының кешігуі мен кестесінің өзгергені туралы хабарлайды. Жолаушылар пойыздарының кешігуі және тоқтатылуы туралы ақпаратты «1433» тегін нөмірі және «KTZH_PP_BOT» Телеграмм чат-боты арқылы алуға болады.

ҚТЖ-да ТЖ жағдайында пойыздар қозғалысын үйлестіру бойынша барлық қатысы бар қызметтердің қатысуымен жедел штаб жұмыс істейді. 

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ҚТЖ-мен бірлесіп ТЖ аймағында қалған азаматтарға жолаушылар пойыздарымен межелі жерге жетуге көмек көрсетеді, сондай-ақ теміржол вокзалдарында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді. Көліктегі полиция департаментінің басшылығы жедел штаб құрамына енгізілген.

Сондай-ақ ауа-райының қолайсыздығы жағдайында жолаушылар пойыздары 300 астам адамды алып кетті.

13-14 желтоқсан аралығында қардың, аяздың және автомобиль жолдарының жабылуының қиын жағдайларында «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқа да тасымалдаушылармен бірлесіп адамдарды әкетуді ұйымдастырды.    

Жолаушылар пойыздары Боранды станциясынан Шымкент және Түлкібас станцияларына ауа райы қолайсыз аймақтан 300 астам адамды тасымалдады. Мәселен, Шымкентке 240 жолаушы №33 "Алматы — Ақтөбе" және №77 "Алматы-Маңғыстау"пойыздарымен жеткізілді.  Тағы 108 жолаушы №55 "Көкшетау — Қызылорда" пойызымен тасымалданды.

Теміржолдың барлық құрылымдық бөлімшелері жолаушыларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ
Өзгелердің жаңалығы