Жамбыл облысындағы пилоттық жобаның алдағы жоспары айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Серік Шәпкенов Жамбыл облысында кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеуде, пилоттық жобаның мүмкіндіктері ескерілгенін айтты.

Оның сөзінше, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында үй шаруашылықтарын сауалнама жүргізу арқылы зерттеу, алынған мәліметтер негізінде тауарлар мен қызметтерге нақты сұраныс пен ұсынысты анықтау, аудандардың шеберлік жоспарларын әзірлеу бойынша шаралар іске асырылатын болады.

Сонымен бірге кешенді мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:

- өндірістің нақты кейстері, технологиялық карталар бойынша модульдік оқыту;

- бизнес-жоcпар әзірлеуге көмектесу;

- микрокредиттер және гранттар беру;

- өнімдер мен қызметтерді сатуды ұйымдастыру (бұл үшін ірі сауда желілерімен, базарлармен, дүкендермен байланыс орнатуға көмек көрсетіледі).

Келесі жылы кредиттеу және гранттық қолдауға бизнес-жобаларды іріктеу шеберлік жоспарларын ескере отырып жүргізіледі. Өтінімдерді беру және қарау үдерісін барынша автоматтандыру үшін еңбек биржасы базасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың «Бірыңғай терезесі» іске қосылады, - деді ол.

Серік Шәпкенов баяндамасының соңында Жамбыл облысында іске асырылған жоба нәтижесін ескере отырып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруда қол жеткізілген мүмкіндіктерді іске асыруды ұлттық жобалар шеңберінде жалғастыруды ұсынды.

Жобаны республика бойынша іске асыру табысы күнкөріс деңгейінен төмен ауыл тұрғындарының үлесін 12 пайызға, жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар үлесін 9,7 пайызға дейін төмендетуге және нақты ақшалай кірістердің 27,1 пайызға, жеке кәсіпкерлер санының 195 мың адамға өсуіне ықпал етеді, - деп тұжырымдады ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы