Жамбыл облысындағы оқ-дәрі қалдықтары жойылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқ-дәрі бөлшектері арнайы жабдықталған жер асты пештерінде өртеледі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасы аумағында оқ-дәрі қалдықтарын жоюға арналған құрылғылар жабдықталған.
Барлық жұмыстар қауіпсіздік нормалары мен талаптарын қатаң сақтай отырып ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындар мен маңайдағы шаруа қожалықтарына төнетін қауіп жоқ. Оқ-дәрі қоймасындағы оқиғалардың салдарын жою жұмыстары туралы ақпараттандыру жүргізіліп, жергілікті тұрғындарға алдын ала хабарланды. ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, инженерлік оқ-дәрілердің бір бөлігін арнайы жабдықталған алаңға шығарып, жою жоспарланған. Ол орындар жергілікті биліктің шешімімен елді мекендерден де, шаруа қожалықтарынан да жырақ орналасқан. Ең жақын деген шаруа қожалығы бір жарым шақырым қашықтықта орналасқан.
Жару жұмыстары кезінде инженерлік оқ-дәрілердің алыс қашықтыққа ұшу қаупі жоқ екенін айта кеткен жөн.
Әзірге жару жұмыстары басталған жоқ. Жергілікті атқарушы органдар бұл жөнінде тұрғындарды алдын ала хабардар ететін болады.