Жамбыл облысындағы кен орнында жұмысшы қаза тапты

"Алтыналмас" компаниясының басшылығы мен еңбек ұжымы 18 қыркүйекте "Ақбақай" жерасты тау-кен жұмыстары учаскесінде болған жазатайым оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Компанияның мәліметіне сәйкес, күтім жасау және жөндеу слесарі Нұрдәулет Жексенұлы Нұрмаханов кенеттен қайтыс болған.

"Алтыналмас АК" АҚ марқұмның туыстары мен жақындары, бірге жұмыс істеген әріптестеріне көңіл айтты.

Нұрдәулет Жексенұлы 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Алтыналмас АК" АҚ "Ақбақай" тау-кен байыту кешенінің жылжымалы және стационарлық жабдықтарына күтім жасау және жөндеу учаскесінде сорғы қондырғыларының машинисі болып жұмыс істеді. 2017 жылы жабдыққа техникалық күтім жасау және жөндеу слесарі болып тағайындалды. Ұжымда беделді, жұмыста бірбеткей мінезді болып, жауапкершілік пен кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Жұмыс барысында өзін жоғары білікті маман ретінде танытты, - делінген компанияның ақпаратында.

Сонымен қатар "Алтыналмас АК" АҚ оқиғадан кейін бірден жұмыс тобы құрылған. Арнайы комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайды.

Компания қаза тапқан қызметкердің отбасына материалдық көмек көрсетеді және тиісті төлемдер бойынша өзінің барлық міндеттемелерін орындаймыз деп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы