Жамбыл облысында жерге құқық табыстауды рәсімдеу электрондық үлгіге көшірілді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жер қорына кешенді түгендеу жұмыстарын жасау жайындағы тапсырмасы аясында Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған жер қатынастары саласындағы міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Былтыр өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құжаттамалық түгендеуден өткен. 

Нәтижесінде 2017 жылғы жер есебіне сәйкес Жамбыл облысындағы елді мекендер жері біршама ұлғайып, 467,2 мың гектар болды. 

Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысы әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосынов баяндады. 

«Сонымен қатар жерді қашықтықтан зондтау тәсілі осыдан үш жыл бұрын пилоттық жоба ретінде Шу ауданы аумағында сынамадан өткізілген болатын. Ал былтыр барлық ауданда өндіріске енгізілді. Осы тәсіл арқылы өңіріміздегі 42,3 мың гектар егістік жердің игерусіз жатқанын көрдік», - деді Бахтияр Көпбосынов. 

Бүгінде басқарма тарапынан жер қатынастарын реттеу саласында заңды және жеке тұлғаларға 16 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілуде. Оның 8 түрі электрондық форматта, 8-і қағаз түрінде жүргізіледі. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 9 қызметті пайдалануға болады.   

Баяндамашының сөзіне қарағанда, ауылдық округтер кескінінде жердің құнарлылық картасы да әзірленген. Өңірде жерге құқық табыстауды рәсімдеу де электрондық форматқа көшірілген.   

«Қазіргі уақытта жер қорлары туралы ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы бизнестің дамуына қолайлы жағдайлар жасау үшін облыстың жер қорының интерактивті (электронды) картасы әзірлену үстінде.
Тағы бір айта кетерлік жайт, өңірімізде тіркелген 18 646 шаруа қожалығының бірінде жер көлемі игерусіз жатса, енді бірінде жер телімі жетпейтіндігі байқалуда. Осы мәселе бойынша қолға алынған түгендеу шаралары шілде айында толық аяқталады», - деді бұл тұрғыда Бахтияр Бейсенбайұлы.   

Айта кетейік, былтырғы 1 қарашада Жамбыл облысының жер қоры 14 426,4 мың гектарды құраған. Оның ішінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жер – 4 589 336, елді мекендердің жері – 467 166, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс мақсатындағы жер – 173 167, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жері – 11 659, орман қоры – 4 430 673, су қорының жері – 338 741 гектар көлемінде. Бос жатқан жерлер – 1 926 256, ал мемлекет пайдалануындағы басқа жерлер көлемі 2 489 300 гектарды алып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы