7 Қазан 2026, 14:30 Фото: ©️ BAQ.KZ / Ерболат Бекболат

Жамбыл облысында жанжалдан кейін көз жұмған оқушы ісі бойынша тергеу басталды

Жамбыл облысында көз жұмған оқушыға қатысты істің жаңа мән-жайлары белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оқушының қайтыс болғанын бұған дейін Жамбыл облыстық білім басқармасы растаған. Ведомствоның мәліметінше, оқиға шамамен сағат 22:00-де болған.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында жанжал туындап, оның салдарынан 2011 жылы туған жасөспірім алған дене жарақаттарынан көз жұмды, – деп хабарлады білім басқармасы.

Марқұмның ата-анасы не дейді?

Оқиғаның жаңа деректерін марқұм оқушының ата-анасы айтты. Қаза тапқан баланың әкесі Ертай Қонысбаев КТК телеарнасына берген сұхбатында ұлы жасөспірімдер арасындағы бейресми қысымның құрбаны болуы мүмкін деген болжам айтты.

Әкесінің сөзінше, сол күні кешке жасы үлкенірек жасөспірімдер кішілерін ұрып-соққан. Оның айтуынша, бірнеше бала зардап шеккен. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Кезек-кезек бәрін ұрған. Көбі құлаған жоқ. Ұлым ең соңында тұрған. Телефонын қарап тұрған еді. Өзі арықша келген, бойшаң бала болатын. Соққыдан кейін құлап қалған кезде оны жай ғана есінен танып қалды деп ойлаған. Отырғызуға, тұрғызуға тырысқан. Кейін жарық жерге шығарып, жедел жәрдем шақырып, өздері кетіп қалған, – дейді әкесі.

Марқұмның туыстарының айтуынша, жасөспірім кеуде тұсынан соққы алып, көп ұзамай есінен айырылған.

Телеарна мәліметінше, қаза тапқан оқушы мен оған шабуыл жасады деген күдікке ілінген жасөспірім бір лицейде оқыған. Отбасылары да көрші тұрады.

Оқушының анасы Айгүл Абзалиева жерлеу рәсімінен кейін екінші жасөспірімнің туыстары келіп, кешірім сұрағанын айтты.

Барлығы келіп кешірім сұрады. Біз кешірдік. Өзі жақсы бала еді, бір мектепте оқыды. Бізді көрсе, үнемі сәлем беретін. Әкесі де келіп кешірім сұрады. Кешірдік, енді болған іске не істейсің, – деді әйел.

Білім бөлімі не дейді?

КТК телеарнасының хабарлауынша, Байзақ аудандық білім бөлімі оқиғаның сабақтан тыс уақытта болғанын мәлімдеді.

Қайғылы жағдайдан кейін ауданда ата-аналар жиналысы мен сынып сағаттары ұйымдастырылған. Сонымен қатар полиция қызметкерлерімен бірлесіп профилактикалық рейдтер жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін BAQ.KZ 3 қазан күні кешкі уақытта кәмелетке толмағандар арасында жанжал болып, соның салдарынан 2011 жылы туған жасөспірімнің қаза тапқанын хабарлаған еді.