Жамбыл облысында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды
Сенбі күні еліміздегі маңызды мерекелердің бірі – Республика күні қарсаңында Қордай ауылында жаңадан салынған Өрт сөндіру депосы қолданысқа берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айтулы шара сондай-ақ Құтқарушылар күнімен тұспа-тұс келіп, мерекелік көңіл-күйде өтті.
Ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Ерлан Нұрпейісов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мәдібек Қанатбек, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков және төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері мен ардагерлер қатысты.
Жаңа ғимараттың ашылуы – Қордай ауданы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Өрт сөндіру бөлімінің жаңартылған базасы аудан аумағында орын алуы мүмкін төтенше жағдайларға тез әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
Шара барысында Ерлан Нұрпейісов өрт сөндіру қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, олардың қауіпсіздік сақтаудағы жауапты қызметін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, қызметкерлерге арнайы марапаттар табысталып, салтанатты түрде лентаны кесу рәсімі өтті.
Өз кезегінде аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы жаңа өрт сөндіру бөлімінің іске қосылуы ауданда төтенше жағдайларға уақытылы әрі сапалы жауап беру деңгейін арттыруға, азаматтық қорғаныс саласындағы қызмет сапасының жақсаруына ықпал ететіндігін тілге тиек етті.
Ашылу салтанаты мерекелік бата берумен және ағаш егу рәсімімен аяқталды.
Шара барысында Төтенше жағдайлар бөлімінің басшылығы өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен арнайы кездесу өткізіп, жаңадан салынған ғимараттың мүмкіндіктерімен таныстырды.