Жамбыл облысында жаңа мешіт ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жомарт түлек» жобасы ел ішіндегі талай игі істерге ұйытқы болып отыр.

Түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген елге танымал азаматтардың демеушілік көмегімен ауыл-аймақтағы бірқатар мәселелер сәтімен оң шешімін тауып келеді. Қуаныштысы сол, ел ішінде жақсы бастаманы жалғастырып, жастарға жол мен жөн көрсететін азаматтардың қатары жыл санап артып келеді.

Ағайынның арасын байланыстыратын, елдік ынтымағын арттыратын – ауызбіршілік. Атаның тәрбиесін алып, адами қасиеттерді бойға сіңіріп өскен Ойық ауылына қарасты Тұрымқұл елді мекенінің азаматтары елге деген құрметін істерімен дәлелдеп, ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсетті.   

Туған жердің көркеюіне үлес қосуды перзенттік парыз санаған түлектер өз қаражаттарына Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлерге арнап «Мәңгілік алау» ескерткішін, балалар ойын алаңын, су бұрғағын және «Ойық баба» мешітін тұрғызып, бір мезгілде пайдалануға берді.

Жергілікті тұрғындардың да демалыс орындарының қажеттігі жайында мәселе көтеріп жүргендеріне біраз жылдың жүзі болды. Енді міне, шағын ауылдың шырайын келтірген жаңа нысандарға көпшіліктің ризашылықтары шексіз.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген ортақ қуанышқа еліміздің әр өңірінде жемісті қызмет жасап жүрген ел азаматтары жиылып, игі іске тілеулестік танытты.

Шараға арнайы келген Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров,  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілі, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, ауыл қариясы Әзімбай Бәйтенов жиылған көпшілікке жылы лебізін арнаса, Талас ауданының әкімі Қанабек Мәдібек ауыл шырайын арттырған жұмыстарға атсалысқан азаматтарды Жамбыл облысы әкімінің және Талас ауданы әкімінің Құрмет Грамотасын, Алғыс хаттарын табыс етті.

Сондай-ақ, кәсіпкер Мақұлбек Мырзақұлов «Шыңғысхан» шаруа қожалығының атынан жаңа мешіттің құрылыс жұмыстарының басында болып, көмек қолын созғандарға сый-сияпат көрсетіп, алғыс білдірді.

Жалпы, ауыл тұрғындарының жұмылып, ұйымшылдықпен атқарған жұмыстарының нәтижесінде «Ойық баба» мешіті бір жарым жылға жуық уақыттың ішінде толықтай аяқталды. 80 млн. теңгеге тұрғызылған имандылық үйіне қаржылай демеушілік танытқан-Мақұлбек Мырзақұлов. Ағаларын ардақтап, өнегелі істерін үлгі тұтқан Жиембет Бегаділов  інілері атынан Мақұлбек Жапарбекұлына ат мінгізіп, шапан жапты.

Мұнан соң шараға жиылғандар «Мәңгілік алау» ескерткішінің, балалар ойын алаңының, су бұрқағының және «Ойық баба» мешітінің ашылу салтанатына куә болды.

Ұлы Отан соғысына қатысқан ауылдан шыққан ардагерлердің есімдері жазылған «Мәңгілік алау» ескерткішін «Аралбек» шаруа қожалығының төрағасы Ерлан Аралбеков өз қаражаты есебінен тұрғызды. Отан үшін от кешіп, нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен ардагерлерге арналған белгі құрылысына 5,5 млн теңге жұмсалған. Ал, «Нұртас» шаруа қожалығының төрағасы Нұрдәулет Сәрсен 3,5 млн. теңгеге балалар ойын алаңын салып берді. «Бастаубай» шаруа қожалығының төрағасы Ғалым Бастаубаев сәні мен сәулеті келіскен «Су бұрғағының» құрылысына 2,5 млн. теңге бөліп, пайдалануға ұсынды.

Туған жерді көркейтуді мақсат тұтқан азаматтар шарапатты шаралардың мұнымен шектелмейтіндігін айтып отыр. Алдағы уақытта осы нысандардың жанынан ауыл жастарына арнап спорт алаңы мен қыстық спорт залын тұрғызылмақ.

Салтанатты рәсімдерден соң жиылған көпшілік ауылдан қанаттанған өнер иелерінің концеттік бағдарламаларын тамашалады.

Шарапаты мол шара  аламан бәйге, тай бәйге және көкпар ойындарына  ұласты. Бәйгеден оза шауып, қара үзіп келген жүйріктерге ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтар мен арнайы жүлделер табысталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы