Жамбыл облысында жаңа мектеп пайдалануға берілді
1 қыркүйек – білім күніне орай Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Шоқай ауылында №3 орта мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
150 орындық білім нысанының ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысып, ауылдықтарды қос қуанышымен құттықтады.
Облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі тиімді шешімін табуда. Бұл өз кезегінде білім саласында бірқатар жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Биыл білім саласына 284,8 млрд теңге бөлінді десек, бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан астамы. Биыл 25 білім нысанының құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал, 11 нысан құрылысы 2024 жылы аяқталады. Бұдан бөлек, 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, 2,5 млрд теңгеге мектептер жаңғыртылуда, оның ішінде білім беру нысандарының қауіпсіздігіне 1,8 млрд теңге бөлінді. Бүгін сіздердің ауылда соғылып отырған мектептің жаңа ғимараты арқылы осы ауылда орналасқан орын тапшылығы бар №3 орта мектептің мәселесі шешіліп отыр. Енді балаларымыз кең, заманауи талапқа сай жабдықталған үлкен мектепте білім алады,-дей келе Нұржан Календеров балаларды білім мен тәрбие алуларыңыз үшін осындай қолдаулар мемлекет тарапынан жалғаса беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, ол облыс басшысының атынан мектепке 10 ноутбукты сыйға тапсырды.
Ауылдықтардың атынан сөз алған ақсақал Болат Қожабеков те тұрғындардың ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.
Ғимарат құрылысын жүргізген «Тараз Строй-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мекеме басшысы Қуат Баққараев мектептің символикалық кілтін директоры Жандос Досқожаға тапсырды.
Бұдаң соң алғашқы қоңырау соғылып, қонақтар мен оқушылар жаңа оқу кабинеттерімен және тақырыптық бұрыштарымен танысты.
Жаңа мектеп асхана, спорт және мәжіліс залы, шеберхана, кітапхана, тігін бөлмесі, робототехника секілді қажетті бөлмелермен жан-жақты қамтылған.
Білім ордасы 200-ден аса оқушы оқиды десек, олардың жартысынан астамы ыстық тамақпен қамтылады.