Жамбыл облысында жаңа кен байыту комбинатының құрылысы басталды

Жамбыл облысының Қордай ауданында «Шоқпар-Гагаринское» тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Заманауи технологиямен жабдықталатын жаңа кәсіпорын алтын, күміс, мырыш және қорғасын өндіруге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ Жамбыл облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту және инвесторлармен тығыз ынтымақтастық орнату жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр.

Бүгін бастау алып отырған жоба – ел дамуы мен өңір өркендеуінің нақты көрінісі. Әрбір жаңа кәсіпорын — тұрғындар үшін жаңа мүмкіндік пен табыс көзі. Бұл – Қордай өңіріндегі әр отбасының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты іс», – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Жоба аясында заманауи технологиялар қолданылып, кәсіпорында жылына 500 мың тонна кен өңделеді. Инвестицияның жалпы көлемі 47 млрд теңгені құрайды.

Биыл 10 млрд теңге қаржы есебінен қызметкерлерге арналған жатақхана мен зауыт құрылысы басталмақ. Қазірдің өзінде геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыс кезеңінде 100-ден астам адам жұмыс істейді, ал кәсіпорын толық іске қосылған соң 400-500 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін әкімдік тарапынан 1 101 гектар жер телімі бөлініп, 44 шақырым электр желісі тартылды.

Біздің өндіріс ошағымыз кез келген полиметалл кенін өңдей алатын бірегей технологиямен жабдықталады, – деді компания директоры Семён Хан.

Жамбыл облысының инвестициялық портфелінде құны 3,5 трлн теңге болатын 62 жоба бар. Бұл жобалар 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылып, 6,3 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейді.

Биыл жалпы құны 161 млрд теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылып, 1,1 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы