15 Қыркүйек 2026, 15:05 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Жалғасбек Тоқтамысов

Жамбыл облысында зертхана аккредитациясы жарты жылға тоқтады: 4 млн теңге айыппұл салынды

Жамбыл облысында сынақ зертханасының аккредиттеу аттестатының қолданысы уақытша тоқтатылып, 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ

Министрліктің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы мемлекеттік бақылау шеңберінде аккредиттелген сынақ зертханасына жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында зертхананың қолданыстағы аккредиттеу саласына кірмейтін объектілер мен сынақ әдістері бойынша сынақтар жүргізіп, олардың нәтижелерін ресімдеу фактілері анықталды. Бұл Қазақстан Республикасының аккредиттеу және техникалық реттеу саласындағы заңнама талаптарының бұзылуы болып табылады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау нәтижелері бойынша Департаменттің қаулысымен заңды тұлғаға жалпы сомасы 930 айлық есептік көрсеткішке, яғни 4 022 250 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, қосымша әкімшілік жаза ретінде аккредиттеу аттестатының қолданылуы 6 ай мерзімге тоқтатылды», – деп атап өтті ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымов.

Қабылданған шаралар аккредиттеу саласынан тыс сынақтар жүргізуге жол бермеуге, сынақ нәтижелерінің дұрыстығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұтынушылар мен нарық қатысушыларының мүдделерін қорғауға бағытталған.

Департамент техникалық реттеу, аккредиттеу және сәйкестікті бағалау салаларындағы заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастырады.

Аккредиттеу саласын сақтау – сынақ нәтижелеріне және сәйкестікті бағалау жүйесіне деген сенімді қамтамасыз етудің міндетті шарты.

Еске салайық, бұған дейін Астанада жаңа зертхана ашылғаны хабарланды.