Жамбыл облысында заңсыз алкоголь сатқан 370 дерек анықталды
208 кәсіпкердің лицензиясын уақытша тоқтату мәселесі сотта қаралады.
Жамбыл облысында биылғы алғашқы алты айда алкогольді заңсыз сатудың 370 дерегі анықталды. Оның ішінде 208 кәсіпкерге қатысты материалдар лицензияларын уақытша тоқтату мәселесін қарау үшін сотқа жолданды.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірде мас күйде жасалған қылмыстар саны 7,5%-ға азайған. Полицейлер мұны профилактикалық жұмыстардың күшеюімен және алкоголь өнімдерінің саудасына бақылаудың күшейтілуімен байланыстырады.
Алты ай ішінде қоғамдық орындарда алкоголь ішкені немесе мас күйде жүргені үшін 3 048 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 370 дерегінің жолын кесті. Әрбір жағдайда сауда жүргізу тәртібі, рұқсат құжаттарының болуы және кәсіпкерлердің қолданыстағы талаптарды сақтауы тексерілді.
Алкогольге тәуелді азаматтармен де профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Жыл басынан бері 272 адам профилактикалық есепке алынып, сот шешімімен 27 тұрғын мамандандырылған медициналық мекемелерге мәжбүрлі емдеуге жіберілді.
Бұдан бөлек, профилактикалық іс-шаралар барысында 43 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Олардың қатарында есірткіні заңсыз сақтау және пайдалану, сондай-ақ көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілердің мас күйінде рөлге отыру фактілері бар.
Өңірде «Алкогольсіз ауыл» жобасы да кеңейіп келеді. Қазір Жамбыл облысының 56 елді мекенінде алкоголь өнімдерін сату толық тоқтатылған. Мұндай шешімді тұрғындар мен кәсіпкерлер бірлесіп қабылдап, тұрмыстық жанжалдар мен құқық бұзушылықтардың санын азайтуды көздеп отыр.