Жамбыл облысындағы жол апатынан зардап шеккендер Тараз ауруханасына жеткізілді

Тараз, BAQ.KZ тілшісі.  Жамбыл облысында орын алған ірі жол апатында жарақаттанғандар Тараз қаласына жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккен 5 азаматтың жағдайы бірқалыпты. 

Тұрғылықты жерінен ем алу үшін өз еріктерімен 9 адам Алматыға, 4 адам Шымкент қаласына кеткен. Өзбекстан елінен ем қабылдағысы келетін тағы 9 азамат ауруханадан шығарылған. Зардап шеккендардің арасында балалар жоқ екені белгілі болды.

«Ұзақ жол болғандықтан, шырт ұйқыда жатқанбыз. Қатты соққының әсерінен не болғанын ұғып үлгермедік. Тәжікстаннан екі жолдасыммен бірге Алматыға жол тартқанбыз. Жеңіл жарақат алған қасымдағы бір жігіт елімізге қайтты. Екінші отандасымның иығы сынып, осында жатыр. Дәрігерлер оның жағдайының тұрақты екенін айтады. Өзім жеңіл жарақат алдым», - дейді жол-көлік оқиғасының куәгері, Тәжікстан азаматы Валия Дуссаев.

Тараз қалалық ауруханасына жеткізілгендердің екеуі өзбекстандық болса, біреуі – Тәжікстан, қалған екеуі Қазақстан азаматтары. Жеңіл автокөлікте болған жолаушы да осында ем қабылдауда.

Облыс орталығына жеткізілгендерден бөлек, тағы төрт зардап шегуші Қордай аудандық ауруханасында жатыр. Олар кеше әскери госпитальдан орталық ауруханаға ауыстырылған.

«Бүгінгі таңда Жамбыл облысы аумағындағы емдеу-сауықтыру мекемелерінде 9 науқас жатыр. Оның төртеуі Қордай аудандық ауруханасында болса, соның бірі жансақтау бөлімінде бақылауда. Оның денсаулығы бірқалыпты ауыр халде. Тараз қалалық ауруханасына 5 науқасты жеткіздік. Бүгін жансақтау бөлімінде жатқан 2 зардап шегуші бөлімшеге ауыстырылды», - дейді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.

Еске сала кетейік, 20 сәуір күні 04:15-те Алматы-Ташкент автожолының 181 шақырымында Toyotа Camri жеңіл авткөлігі осы бағытта жүріп бара жатқан Mersedes-Bens 814 жүк көлігінің артына соғылып, жеңіл көлікте отырған әйел оқиға орнында көз жұмды. Сол сәтте Шымкент қаласынан Алматы қаласына бет алған Van Hool  автобусы апатқа ұшыраған көлікті айналып өтпек болып, аударылып кетті. Салдарынан автобустағы 46 адамның 11-і көз жұмып, 3 өзбекстандықтың мәйіті елдеріне жеткізілді. Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп, тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы