Жамбыл облысындағы "Қараалма" тау-шаңғы базасы желтоқсан айында ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Жуалы ауданындағы "Қараалма" тау-шаңғы базасының құрылысымен танысты. Бұл туралы жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бүгінде тау шаңғы базасының құрылыс жұмыстары 85% аяқталған. Қонақ үй-котедждері, туристерге қызмет көрсету сервистік кешенінің құрылысы  салынуда. Сондай-ақ 7 шақырымдық жол салынып, инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталған. Керек құрал-жабдықтардың дені  жеткізілген.  Құрылыс  басында 100-ден астам жұмысшы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, күн-түн демей білек-сыбана еңбектенуде.

Айта кету керек, мұнда  демалыс кешенінде қонақтар жыл он екі ай бойы демалуға мүмкіндік алады. Жаз мезгілдерінде саумалмен, қымызбен емдейтін, атпен серуен құратын орындар ашылады деп күтілуде.

Жалпы нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Жобаның жалпы құны - 4 млрд теңге. Туристік нысан "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" күрежолының бойынан 7 шақырым қашықтықта, Алатау тауының баурайында теңіз деңгейінен 1600 м биіктікте бой көтеруде. Сонымен қатар Алатау тауының ұшар басынан кешенге дейін 2 500 м сырғанау жолағы түсуде. Сол сияқты 2050 және 350 метрлік аспалы жолдардың құрылыстары да жүзеге асырылуда. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізілген, - делінген хабарламада.
Аймақ басшысы жауаптыларға  мұндағы  барлық жұмыстарды сапалы атқаруды, 350 метрлік аспалы жолдың  монтаждау, орнату шараларын ағымдағы жылдың 16 желтоқсанға дейін аяқтауды тапсырды. Ал ұзындығы 2 мың метрден асатын  аспалы жолдың құрылысын бір - екі айда толығымен бітіру керектігін ескертті.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы