Жамбыл облысындағы 110 жасаған Аманбала әжей дүниеден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 110 жасқа келген Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайлаукөл ауылының тұрғыны Аманбала Аманжолова дүниеден өтті. Ғасыр асып жасаған әжейдің кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиет-өнегесі ұшан-теңіз.  

Аманбала әже 1910 жылы Сарыарқа даласында дүниеге келген. 1926 жылы Балтабай Аманжолов атамызбен жұбын жарастырып, 1928 жылы Сарысу ауданы құрылған тұста елді мекенге көшіп келеді. Ілгерібас колхозында соқа айдап, бидай орып, шөп шауып еңбек етеді. Сондай-ақ сақпан, қой қырқу жұмысына да араласады. Жастайынан еңбекте шыңдалған ана маңдай терін осы колхозға сіңіріп, зейнетке шығады. Бес құрсақ көтерген әжей ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. 17 немере, 34 шөбере сүйген.

Соқа айдадым, бидай ордым, шөп шаптым, әйтеуір маңдай терімді сарп етуден жалыққан жоқ едім. Ол кездің адамдары да еңбекқор еді ғой. Аяғымыздан тұру үшін, ұрпағымызды жетілдіру үшін жанымызды аяған жоқпыз. Енді міне, соның рахатын көріп отырған жайымыз бар. Енді менде қайбір арман қалды дейсің. Бүгінгі балалар қиындық көрмесін, соғысты көрмесін, аштықты көрмесін. Ұзақ жасап, еліміздің еңсе тіктеуіне күш салсын. Осы бақытты күніміздің баянын берсін Жаппар Ием, – деген еді өткен күнді есіне алған аңыз әже көктем айында тілшімізбен тілдескенде.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы