Жамбыл облысында үш баланы азаптаған өгей әке сотталды

Жамбыл облысында Талас аудандық соты кәмелетке толмаған үш баланы жүйелі түрде азаптаған ер адамға үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс материалдарына сәйкес, 2019 жылдан 2025 жылға дейін айыпталушы шаруа қожалығы аумағында тұрып, 2008 жылы туған екі өгей ұлына күш қолданған және оларды азаптаған. 2025 жылдың сәуірінен бастап ол дәл осындай әрекеттерді 2015 жылы туған жұбайының тағы бір баласына жасаған.

Балалар толық оқшауланған. Оқуы мен дамуына кедергі келтірілген, мәжбүрлі жұмысқа жегілген және тамақтану да шектелген. Олардың еңбегінен түскен табысты айыпталушы өз қажетіне жұмсап отырған.

Айыпталушының кінәсі жәбірленушілердің айғақтары және өзге де дәлелдермен толық дәлелденді. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды анықтамаған.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында жергілікті тұрғын жасөспірімдерден әлеуметтік жәрдемақысын күшпен тартып алғаны үшін сотталғанын хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы