Жамбыл облысында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы жалғасып жатыр
Тараз қаласы Әулиеата ауданы №5 шағынауданында «Таза аула – таза қала» атты экологиялық байқау өтті. Шара аясында тұрғындар аулаларды күл-қоқыстардан тазартып, арнайы орындарға апарып төкті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тазалық – таза ауладан басталады. Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында аула тұрғындары арасында байқау өткізіліп отыр. Қала тұрғындарының шараға белсене қатысуы көңіл қуантуда. Осындай бағыттағы шаралар арқылы өскелең ұрпаққа экологиялық мәдениетті қалыптасыра аламыз деген сенімдемін», - деді Әулиеата ауданы әкімінің міндетін атқарушы М.Нурмаханов.
Осындай бағыттағы шаралар облыс аудандарында да жалғасын тапты. Атап айтқанда, Талас ауданы Қаратау қаласында және Шу ауданы Шу қаласында «Таза аула», Сарысу ауданы Жаңатас қаласында «Таза қала» байқаулары ұйымдастырылды.
Айта кетейік, биыл облыста ауқымды іс-шараларды іске асыру көзделген. Ағымдағы жылы санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына жалпы 8,3 млрд теңге қаралған болатын. Бұл қаражатқа тарихи-мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау, саябақ пен сквер аумағына санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Облыс бойынша көктемгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалық айлығы жарияланып, 1 наурыздан басталды. Бұдан бөлек, наурыз-сәуір айларрында «TazaLike» іс-шарасы өткізіледі.
Жыл ішінде экологиялық акцияның шеңберінде «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі аула» облыстық конкурсы қайта өткізіліп, жеңімпаздарға комақты жүлделер табысталатын болады.