Жамбыл облысында шалғай ауылдарға көгілдір отын тартылып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің қатарында. Осы мақсатта Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы екі елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда Ақниет ауылдық округіне қарасты Д.Қонаев, Әбілқайыр және Қорағаты ауылдарында газбен жабдықтау желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2021-2022 жылдар аралығына жоспарланған. Осылайша, аудан аумағындағы елді мекендер жыл соңына дейін көгілдір отынмен толық қамтылып, табиғи газдың игілін көреді деп күтілуде.
Нәтижесінде, ауыл тұрғындарының тіршілігіне серпін, өндіріске өзгеше леп беріледі деп күтілуде. Әсіресе, кәсіпкерлердің қатты отынға деген тәуелділігін төмендетіп, сан-салалы кәсіптің өркендеуіне жол ашылмақ.
Айта кететіні, аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 24-іне толық газ тартылған. Газ кірмеген 18 ауылдың 11-ін газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Қалған 7 елді мекенде халық санының тиісті нормадан аз болуына байланысты экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылған.
Құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған игі жұмыс аудан әкімінің ұдайы назарында.