Жамбыл облысында қызылшамен ауырғандардың 80%-дан астамы екпе алмаған
Жамбыл облысында қызылшамен ауырғандардың 80%-дан астамы екпе алмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ал 38 мыңнан астам бүлдіршінге жұқпалы бөртпеге қарсы жоспарлы вакцинация жүргізілді.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, вакцинация статусына қарамастан, 6-дан 11 айға дейінгі 2-4 жас аралығындағы балалар және егілмеген медицина қызметкерлері қызылшаға қарсы 1 екпе алмақшы.
Екпе алғандарда жағымсыз реакциялар байқалған жоқ. Осы қараша айынан бастап екі ай бойы өңірде қосымша иммундау жүргізіледі. Қызылшаға қарсы Үндістанда өндірілген ККП вакцинасы ( қызылша-қызамық-паротит) егілуде, - дейді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова.
Жалпы республикада 12 мыңнан астам, ал Жамбыл облысында 1600-ден астам қызылша ауруы тіркелді. Эпидемиолог мамандардың айтуынша, өңірде тіркелген жұқпалардың 80 пайыздан астамы вакцинацияланбаған балалар екені анықталған.
Осыдан бір ай бұрын ғана облыс бойынша қызылшаға күдікті 777 науқас тіркелген болатын. Оның 626-ында қызылша диагнозы расталған. Мамандар 105-інде теріс нәтиже алынып, басқа диагноздарға ауыстырылғанын мәлімдеген.
Осылайша, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 51,5-ті құраған. Тараз қаласы, Байзақ, Меркі, Шу аудандарында облыстық деңгейден жоғары аурушаңдық жағдайы байқалған.
Қызылша жұқтырғандар арасында 1 жасқа дейінгі балалардың үлесі – 19,6, 1-14 жастағы балалардың саны – 59,6, 15-18 жастағы жасөспірімдер – 2,5 пайыз. 19-дан жоғары ересектердің үлес салмағы 18 пайызды көрсетті. Науқастар арасында ауруға қарсы екпе алған-алмағыны туралы талдау жасалғанда, 21,7 пайызының екпе туралы мәліметі жоқ екені, 23,2 пайызының вакцинациядан бас тартқаны анықталды.
Ал 20 пайызында екпеге медициналық қарсы көрсетілімдері бар болып шықты. Тағы 15 пайызы екпенің толық курсын алмаған.
Белгілі болғанындай, бір айдан кейін аурушаңдық күрт өскен. Мамандар мұның себебін жыл басынан бері қызылшамен ауырғандармен қарым-қатынаста болғандардың саны 3 мыңнан асып кеткендігімен түсіндіреді.