21 Ақпан 2026, 21:00 Фото: pixabay.com

Жамбыл облысында қатты дауыл 25 үйдің шатырын зақымдады

Күшті дауылдан сондай-ақ 8 әлеуметтік нысан зардап шеккен.

Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданында желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткені тіркелді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, 25 үйдің шатыры зақымданған, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Қатты дауылды жел таңғы сағат 4-тен бастап соққан. Жеті елді мекендегі 25 ғимараттың шатыры бүлінген. 8 әлеуметтік нысан зардап шеккен. 13 елді мекенде электр жарығы үзіліп, үш елді мекенде газ беру тоқтатылған.

Зақым келген ғимараттарды қалпына келтіруге 9 апаттық бригада жұмылдырылған. Электр мен газ кезең-кезеңімен қайта қосылып жатыр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өңірдің коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру және қазіргі жағдайды бағалау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров ауданға барды.