Жамбыл облысында қоғамдық штаб құрылды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде Қазақстан Президенті сайлауына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынылғаны белгілі. Партияның Жамбыл облыстық филиалында кандидатты қолдау бойынша облыстық қоғамдық штаб құрылды.

Штаб төрағасы Шәбден Тілеумұраттың айтуынша, Жамбыл өңірінде 1 облыстық, 1 Тараз қалалық және 10 аудандық қоғамдық штабтар жұмысын бастаған. Барлық штабтарда қамтылған адам саны – 458. Бүгінде облыстық штабтың жұмыс жоспары жасалып, бекітілді.

«Біздің облыстық партия ұйымында 337 бастауыш партия ұйымына біріккен 70 мың партия мүшесі бар. Бірінші кезекте «Сайлау туралы»Заң талабына сәйкес,аймақтан 968 сенім білдірілген өкілдер бекітілді. Олар тіркеуден өтіп, куәліктерін алды. Штаб мүшелері мен сенім білдірген өкілдер партия ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаушылардан қол жинауда жоғары белсенділік көрсетті. Барлығы 18893 қол жиналып, сайлау комиссиясына тапсырылды. Қол жинау парақшасындағы барлық қол заң талабына сай деп танылды. Бұл партия ұсынған кандидатқа деген қолдаудың жоғары екенін көрсетеді», - дейді Шәбден Тілеумұрат.

Штаб төрағасы қол жинауға облыстағы 205 елдімекен қамтылғанын айтты. Сонымен қатар 186 мүмкіндігі шектеулі азамат қолдау көрсетіп, қол қойған. Әсіресе, «Асар» Жамбыл облыстық мүгедектер ұйымының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің белсенділігі жоғары болған.

«Заң талабына сәйкес, үгіт-насихат жұмыстары 11 мамыр күні кешкі сағат 18.01-де басталады. Біздің мобильді үгіт топтарымыз үгіт материалдарын тарату мен «Есіктен есікке» акциясын ұйымдастырады. Сайлау кезінде осы ресурстардыіске қосып, науқанға тиімді пайдалана білуіміз керек. Осы ретте БАҚ пен қазіргі таңдағы ең жедел де ауқымды сала әлеуметтік желілер мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға күш салатын боламыз», - дейді Шәбден Тілеумұрат.

Айта кетейік, Жамбыл облысы деңгейінде жұмыс істейтін штаб төрағасының үш орын­басары бар. Штабтың негізгі міндеті – президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көр­сету, оның сайлауалды тұғырна­масын түсіндіру бойынша жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізу.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы