Жамбыл облысында медицина қызметкерлері жетіспейді

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағында 388 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 26 аурухана, 24 амбулаториялық емхана, 122 дәрігерлік амбулатория, 53 фельдшерлік-акушерлік пункт, 142 медициналық пункт бар. Сонымен қатар 15 ғимаратсыз медициналық мекеме жұмыс істейді. 

Бұл туралы өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов айтты. Жеке медициналық ұйымдардың жалпы саны 58 екен. Оның ішінде 20 аурухана, 13 амбулаторлық емхана, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 медициналық пункт, 3 лабораториялық зертхана және 19 стоматология тұрғындарға қызмет етеді.  

Биыл өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық техникалық базасын нығайтуға, медициналық құрал-жабдықтар мен осы мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға жергілікті қазынадан 2,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қомақты сомаға 144 құрал-жабдық сатып алдық. Оның қатарында 20 экстрокорпаралды мембранды оксигенация аппараты, 40 көп функционалды кереует, 3 анестезияға арналған тыныс алу аппараты, 4 цифрлық рентген, 1 КТ қондырғысы, 1 ЛОР операцияға арналған бейнекешен, 4 ашық неонаталды реанимация жүйесі, 1 эксперттік кластағы УДЗ аппараты және тағы басқа да маңызды құрылғылар бар, - деп атап өтті жауапты маман. 

Одан басқа, республикалық бюджеттен қаралған қаражат есебінен 2 млрд теңге көлеміндегі сомаға «Сызықты үдеткіш» аппараты жеткізілген. Осындай нақты іс-шаралардың нәтижесінде, өңірді медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 88,4 %-ды құрады, 0,3 %-ға өсті.

Спикер демографиялық көрсеткіштерге де тоқталып, табиғи өсім көрсеткіші 16,95-тен 17,47-ге, яғни 3 %-ға өскенін айтты. Сол сияқты, туу көрсеткіші де 25,15-тен 27,06-ға, 7,6%-ға артқан.

Жыл басынан бергі төрт айда туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 6,9 %-ға төмендеді. Қан айналым жүйесінен болатын өлім-жітім 17,4 %-ға, жалпы өлім-жітім 5,2 %-ға кеміді. Сонымен қатар катерлі ісік індетімен аурушаңдық көрсеткіші 44,7-ні құрап, 7 %-ға азайды. Ауруларды қадағалау-бақылау бағдарламасы тұрақты жүргізіліп жатыр. Бұл науқастардың өз денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға және жаупакершілігін арттыруға ықпалын тигізеді, - деді Хамит Саттарқұлұлы.

Басқарма басшысы орынбасарының мәліметінше, Жамбыл облысында барлығы 11 жылжымалы медициналық кешен бар. Оның 3-еуі – КамАЗ мамандандырылған көліктері, 8-і – автобусқа жарақталған. Бұл кешендер жылдың соңына дейін 322 елді мекенді аралап, денсаулық сақтау бағытында көмек көрсетуі тиіс. Былтыр да 320 ауылды қамтыған болатын, тұрғындар шексіз ризашылықтарын жеткізген. Медициналық көліктер биылдыққа 159 елді мекенді аралап үлгерді. Жоспарланған елді мекендерде барлығы 239 269 адам тексерумен қамтылу керек. Қазірдің өзінде кешендердің қызметі ұсынылған халықтың саны 103 мың адамға жақындады. Мұның 26 481-і балалар. Есепті кезеңде 25 865 диагностикалық зерттеулер, 8 052 зертханалық тексеру жасалып, бейінді мамандардың 109 633 консультациясы берілді.

Жамбылдағы мемлекеттік және жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарында 15 538 медицина қызметкері бар. Олардың 3 364-і дәрігер болса, 12 174-і орта медицина қызметкері. Облыста дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші былтырғыға қарағанда 4,6 %-ға өсті. Медициналық кадрлардың ішінде зейнет жасына жеткен 397 дәрігер бар, 172-сі зейнет жасына жақындап қалды. Өңірде дәрігер тапшылығы 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе төмендегенімен тапшылық сақталуда. Қазірдің өзінде қалаларға – 84, ауылдарға 66 маман жетіспейді. Әсіресе, жалпы практикалық дәрігерлер керек бізге, - деді Хамит Мырзақасымов. 

Оның сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік білім беру тапсырмасы негізінде оқыған түлектерді үйлестіру комиссиясының өңірге бөлген жас мамандардың есебінен және жергілікті бюджет қаражатымен білім алып, кейін аймақтың медициналық ұйымдарында кемі 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен оқыған дәрігерлермен маман тапшылығын шешу жоспары бар. Осы жолдармен биыл аймаққа 16 резидент, 80 жас маман келу керек. Зейнеталды және зейнет жасындағы дәрігерлер мен кадрлардың ауысуын есепке алғанда келесі жылы кадр тапшылығы 107-ге төмендейді, ал 2024 жылы 63-ке кемиді, 2025 жылы 31-ге түседі.

Өңірде денсаулық сақтаудың кадрлық ресурсын дамыту және медицина мамандарының тапшылығын төмендету мақсатында нақты шаралар атқарылып жатыр. Айталық, жергілікті қазынадан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінеді. Қазіргі кезде осы игілікпен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина универитетінде 32 студен оқиды. Оның 12-сі 2019 жылы, 10-ы 2020 жылы, тағы 10-ы былтыр түскен оқуға. Осы ЖОО-да 50 дәрігер резидентурада білім алып жатыр. Биыл жергілікті атқарушы органның грантымен жалпы медицина мамандығы бойынша 10 түлекті, резидентурада 30 дәрігерді оқытамыз, - деді басқарма басшысының орынбасары.  

Спикердің сөзінен белгілі болғаны, биыл өңірге резидентурада оқып, бітірген 16 дәрігер жұмысқа келеді, оның 8-і акушер-гинеколог, 4-еуі анестезиолог-реанимотолог, 2-еуі неонатолог, 2-еуі невропатолог дәрігерлер. Мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен 70 кадр даярлауға тағы тапсырыс берілген. Одан бөлек, Жамбыл облысының әкімдігі мен С.Асфендияров атындағы медициналық университеті арасында денсаулық сақтау саласы кадрларын үздіксіз кәсіби дамытуды жетілдіру, сондай-ақ білім алушылардың жаңа технологияларға қол жеткізуін қамтамасыз ету арқылы білім беруді жаңғырту бағытында жоғары нәтижелерге қол жеткізу мақсатында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Құжат аясында білім ордасының клиникалық кафедраларының профессор-оқытушылар құрамы өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарына консультациялық, емдеу-диагностикалық көмектер көрсетуде, интерндерді-резиденттерді практикалық оқыту жүргізуде, медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруда қосымша білім беруде.

Қазіргі таңда Жамбыл жоғары медициналық колледжі университетке сенімгерлік басқаруға беріліп, аймақта оқу орны филиалы ашылды. Онда дәрігер интерндер мен резиденттер тәжірбиелік тұрғыдан оқытылады. Сонымен бірге медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша қосымша модель бағдарламасын іске асырады, ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтары жоғарғы мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Балалар кардиохирургиясы бойынша іс-қимыл және ұйымдастырушылық әдістемелік сабақ өтеді. Былтыр өңірге 98 жас маман келген, олардың 30-ы қалада қалса, 68-і аудандарға жөнелтілді, - деп атап өтті Хамит Саттарқұлұлы. 

Жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында қолдау шаралары тұрақты жүзеге асып жатыр. Мәселен, 4 жас маманға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1500 АЕК аспайтын сомада бюджеттік несие берілген, тағы 6 кадр осы мақсатқа құжаттарын өткізіп қойған. 21 жас маман 100 АЕК тең сомада көтерме жәрдемақы алды, қосымша 4 кадрдың құжаттары қаралуда. Жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңге көлемінде ақшалай көтермеақы 64 жас маманға үлестірілді, 10 жас коммуналдық қызметтерге арналған шығындарды өтеуге көмек алды.

Сарысу ауданында 1 дәрігер қызметтік пәтермен қамтамасыз етілсе, Тараз қаласындағы облыстық көп бейінді балалар аураханасы 1 дәрігердің пәтер жалдау ақысын төлейді. SENIM денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы Қаратау, Жаңатас қалаларында жұмыс істейтін 10 жас маманға 500 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетті. Бізге жұмыс істеуге келген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау көрсету шаралары биыл да жалғасын табады, - деді жауапты маман.

Нақтылай айтқанда, өңірдің ауылдық аймақтарында еңбек ететін 64 қызметкерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 800 мың теңге көлемінде ақшалай көтермеақы бөлінді. Тағы 81 маман тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1500 АЕК аспайтын сомада әлеуметтік қолдауға ие болмақ. Сондай-ақ аудан әкімдіктері келетін мамандарға коммуналдық қызметтерге, отын, су, көмірге арналған шығындарды өтеуге көмек қарастырған. Талас ауданы тұрғын үймен қамтамасыз етеді, Қордай ауданының әкімдігі жалдамалы пәтер қажет ететін мамандарға жалдау қаражаты төлейді. Тараз қаласында да осы секілді қолдау шаралары бар.

Хамит Мырзақасымов Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жас мамандарға 1 млн теңге көлемінде үстемақы төлейтінін мәлімдеді. Осы ведомствомен бірге, өңірлік психикалық денсаулық орталығы, қан орталығы жас кадрлардың пәтер жалдау ақысын қарастырған. Тараз қалалық №7 емханасы жас маманға жалға берілетін тұрғын үй мен жер учаскесін бөлу мәселесін көтеріп жатыр.

Бүгінде аймаққа 18 жас маман келді, 5-еуі қалада, 13-і аудандарда. Олардың 1-еуі 1500 АЕК аспайтын сомада тұрғын үй несиесін алуға құжаттарын өткізсе, 2 жас дәрігер 100 АЕК тең көлемде көтерме жәрдемақыға құжат тапсырды. Тағы 5-еуіне 800 мың теңге көтермеақы берілді. Айта кетерлігі, жыл басынан бері аймақта 261 медицина қызметкері оқытылды. Оның 4-еуі республикалық қазына қаражатынан, 62-сі медициналық ұйымның есебінен, 76 дәрігер өз қаражатымен білім алды. Енді 16 маманымызды – онколог, хирург, неонотал хирург, нейрохирургтарымыздыРесейде оқытуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс кардиолог, невропотолог, хирург, травмотолог мамандарының ұйымдастыруымен әдістемелік көмек ретінде оқулар өткіземіз, - деді жауапты шенеунік.

Сәуір айында Тараз қаласына Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының шақыруымен қалқанша без ауруларының эндокриндік хирургиясындағы әлемдік көшбасшы, Тынық мұхиты эндокриндік хирургтар қоғамы қауымдастығының президенті, Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы Кангнам Северанс клиникасы Енсе университетінің профессоры Чанг Хэнг Сеок практикалық сапармен келген. Ол облыстың бейінді мамандарына қалқанша безінің бірқатар ауруларын оперативті емдеу бойынша шеберлік сыныптарын, семинарлар, пациенттердің консультациялық қабылдауларын тегін өткізген. 

Хамит Мырзақасымовтың айтуына қарағанда, аймақтағы медициналық ұйымдардың ғимараттарының тозу деңгейі 52,4 %-ды құрайды. Бұл көрсеткіш Тараз қаласы 60,7 %-ға жеткен. Ағымдағы жылы Шу қалалық емханасының, Меркі аудандық орталық ауруханасының ғимараттары қайта жаңғыртылады. Тараз қаласының іргесіндегі Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында 250 келушіге арналған емхананың құрылысы жүргізіледі. Облыстық көпбейінді онкологиялық орталықтың радиологиялық корпусын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады. Шудағы Төле би ауылында 48 орынға арналған балаларды оңалту орталығы салынады. 

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 19 алғашқы медициналық көмек көрсету нысаны тұрғызылады. 8 денсаулық сақтау мекемесі күрделі жөндеуден өтеді.  2023-2025 жылдар аралығында 54 медициналық нысанның іргетасы қаланбақ.

Осы жылы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды жалғастыра береміз. Сондай-ақ Primary Health Care ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында Қордай, Т.Рысқұлов, Талас аудандық орталық ауруханалары мен Шу қалалық емханасында үздік тәжірибе орталықтарын ашамыз. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 8 нысан күрделі жөндеуден өтеді, 2 мекемеге реконструкция жүргізіледі, 19 ауылдық  аймақта жаңа құрылыс жұмыстарыбасталады. Сарыкемер ауылында бір ауысымда 250 келушіге арналған аудандық емханасының құрылысы жүргізіледі, - деді басқарма басшысы. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы