Жамбыл облысында қылмыстық істер көрсеткіші төмендеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында тәртіп сақшыларының тыңғылықты әрі тиянақты жұмысы арқасында түрлі қылмыстық істердің көрсеткіші төмендеді. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен баспасөз брифингі барысында Жамбыл облысының ПД бастығы Жанат Сүлейменов айтты.
«Халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделі шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру» тақырыбында өткен брифингте соңғы 10 айдағы аймақтағы ахуал айтылды.
Өңірдің бас полицейі Жамбылда 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс деңгейі республика бойынша ең төменгі көрсеткіш 54%-ды құрағанын айтып өтті. Ал, ел аумағында орташа көрсеткіш 88%-ды құрайды.
Жамбылда жол апатының жиілеуіне жол бермеу басты назарда. Осы бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде облыста жол көлік оқиғалары 27% - ға азайған.
Брифингте қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы қылмысқа жол бермеу жағы айтылды. Бұл бағытта облыс орталығында көп пәтерлі 180 тұрғын үйдің ауласына 2 280 камера орнатылыпты.
Жамбыл облысында осы жылдың он айында қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 28% - ға төмендеген. Орташа ауырлықтағы қылмыстардың 56 %-ға, шағын қылмыстардың 19 % - ға төмендеуіне қол жеткізілді. Сондай-ақ, кісі зорлау саны 35 % - ға, қарақшылық шабуыл 40% - ға, жалпы қылмыстық ұрлық көрсеткіші 47% - ға төмендеді, оның ішінде пәтер, қалта ұрлығы және ұялы телефон ұрлығы азайды. Мал ұрлығының санын 17% - ға, тонауды мен бұзақылық дерегін 26% - ға төмендетуге қол жеткізілді -деді, Жанат Қуанышұлы.