Жамбыл облысында келесі жылдан бастап медициналық шприц шығарылады
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегінің нәтижесінде Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері былтырғыдан және орташа республикалық деңгейден жоғары қалыптасты. Жыл басынан бергі экономикалық өсім 101 %-ды құрады.
Бұл жайында жергілікті әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова айтты. Оның сөзінше, аймақта сауда мен көлік салаларынан өзге, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірісі артқан.
Биыл 250,7 мың шаршы метр тұрғын үй елдің игілігіне ұсынылады. Сонымен қатар 139,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Инфляцияның деңгейі 104,2 %-ды құрап, жұмыссыздықтың көрсеткіші 4,8 %-ға жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 101,5 %-ды көрсетсе, аталған құрылымдағы 73 % өнім өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, - деген басқарма басшысы саладағы өсімге кен өндіру өнеркәсібінің 3,1%-ға, электрмен жабдықтау 8,6%-ға, сумен жабдықтау 11,6%-ға артуы есебінен қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Ал өңдеу өнеркәсібі карантин жағдайындағы кедергілерге қарамастан, өткен жылдың тиісті кезеңімен бірдей болған.
Гүлдана Әлімжанқызының айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімінің 2,7 %-ға өсуі өсімдік шаруашылығы өнімі мен мал шаруашылығының артуынан қамтамасыз етілген. Мал шаруашылығында ет өндірісі 2,2 %-ға, сүт – 1,9 %-ға өсіпті. Мүйізді ірі қараның басы 8,2 %-ға артса, қой – 3,2 %-ға, жылқы – 11,5 %-ға, түйе - 4,9 %-ға, құс 4,8 %-ға көбейген.
Медициналық бұйымдар өндіретін "Super pharm" ЖШС қазіргі таңда шикізат өндіру цехын іске қосып жатыр. Жобаның құны 4 млн АҚШ доллары тұрады. Бұл мекеме келесі жылдан бастап бірреттік медициналық шприцтер шығаруды жоспарлап отыр. Бұл шаруаға 2 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ. Ал, "Әмір және Д" ЖШС биылғы қыркүйек айында экспресс-тест бұйымдарын шығаруды бастайды. Аталған жобаға 2,2 млрд теңге жұмсалады, - деді басқарма басшысы.
Г.Жауынбекованың айтуына қарағанда, "Қарапайым заттар экономикасы" аясында 68,8 млрд теңгеге 123 жоба несиелендірілген екен. Оның 40 млрд теңгесін "Қазфосфат" ЖШС игеріп жатса, "TALAS INVESTMENT COMPANY" ЖШС 18,7 млрд теңгенің жобасын жүзеге асыру үстінде. Ал "АЛЕЛЬ АГРО" 4,3 млрд теңге еншілеген.
Жамбыл облысында 60 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, саладағы өсімді 21,2 %-ға жеткізді. бұл өсімге дағдарысқа қарсы шараларға байланысты жасалған мемлекеттік бағдарламалар арқылы қосымша бөлінген қаражаттың нәтижесінде қол жеткізілгенін де айтуға тиіспіз. Өңірдегі 1 335 жобаның аясында құрылыс, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұның нәтижесінде, 250,7 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,9 %-ға артты, - деп атап өтті Гүлдана Әлімжанқызы.
Ол жыл соңына дейін 615,5 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін де жеткізді. Оның ішінде 2 966 пәтерлі 53 көпқабатты үй бар екен. 740 пәтерлі 19 үй арендалық негізде берілсе, 1 520 пәтерлі 22 үй кредиттік жүйемен үлестіріледі. Ал 706 пәтерлі 12 үй "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында мұқтаждарға таратылады. Бұған қоса, баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 180 пәтерлі 4 жатақхана ел игілігіне берілмек. Тұрғындардың, еріктілердің асарлатуымен барлық аудандарда 100-ден аса үй салынғалы отырған көрінеді.
Осы құрылыс жұмыстары барысында Жамбыл облысындағы 13 түрлі құрылыс материалдарын өндіретін 112 кәсіпорынның өнімдері қолданылуда. Биыл өңірдегі 1 346,2 шақырым жолды жөндеуге 30,2 млрд теңге, 556 шақырым республикалық маңыздағы жолдарға 65,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы негізінде 741 шақырым жол жөндеуден өтеді, - деген Г.Жауынбекова өңірдің әлеуметтік көрсеткіштеріне де тоқталды.
Мәселен, Жамбыл облысында жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 3,8 есеге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 1264 адамға, нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 1800 адамға кеміген.
Сонымен қатар 21 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Негізгі жоспар 16,1 мың екен. 9,6 мың азамат тұрақты, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 20 мыңнан аса адам қамтылып, 17,3 мың адам жұмысқа орналасқан.
Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 61,2 млрд теңгеге 831 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Сондай-ақ 15,8 мың жұмыс орны ашылды. "Ауыл - ел бесігі" жобасына бөлінген 7,4 млрд теңгенің есебінен 15 жаңа әлеуметтік нысан салынып жатыр. 10 нысан күрделі жөндеуден өтіп жатса, 84 ауыліші жолдары орташа жөнделуде. Бұл жұмыстарға 1 мыңға тарта жамбылдық тартылды, - деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде орташа жалақы 28,3 %-ға, яғни 144 мың теңгеге өссе, табыс – 17,3 %-ға – 77,4 мың теңгеге артқан.