Жамбыл облысында қауынқақ дайындалады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Сарысу ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдауға ие болған, Тоғызкент ауылының тұрғыны, «Байсейіт-Ата» шаруа қожалығының төрағасы Божбанова Ләззат Омарбекқызы кептірілген қауын өңдейтін цехты іске қосты.
Шараға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Ауданымызда шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында, тұрақтандырушы жобалар қолға алынған болатын. Сол жобалардың бірі ретінде осы кәсіпкерлік нысанды ашқалы тұрмыз. Бұл заманауи құралдармен жабдықталған кептірілген қауын өңдейтін цех өндірістік процестерді басқарудың тиімділігін арттырып, мол өнім шығарып, табысқа жетелейді деген сенімдеміз, - деді аудан басшысы.
Бұдан кейін сөз алған ауыл қариясы Шейірбек Тайменов жаңадан іске қосылған кәсіпкерлік нысанның жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.