Жамбыл облысында кәсіпкерлік бастамаларға 500-ден астам грант берілді

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнес-бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтары үшін гранттар беру көзделген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жамбыл облысында биыл жоспарланған 1054 гранттың 525-і берілді, ал алушылар өздерінің бизнес-жобаларын сәтті жүзеге асыруда. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі жазды.

400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант алушылардың бірі, Жамбыл облысының Масаншы ауылының тұрғыны Гүлнұр Кунышева берілген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, медициналық орталық ашты.

2022 жылы Қордай ауданының жұмыспен қамту бөліміне хабарласып, барлық қажетті ақпаратты алып, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, сертификат алдым. Бірақ, өтінішті осы жылы бердім. Алынған ақшаға мен ультрадыбыстық аппарат сатып алып, медициналық орталық ашуды шештім, – деді Гүлнұр Кунышева.

Гүлнұр Кунышева медбике ісі мамандығын тәмамдап, осы сала бойынша жұмыс істеген. Қазіргі уақытта «Ем болсын» медициналық орталығын құрып, қосымша 6 жұмыс орнын ашып отыр. Орталықта зертхана, стоматолог кабинеттері, УДЗ жұмыс істейді.

Биыл республика бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9 мың грант беру жоспарлануда, ал бүгінгі таңда 5,3 мыңнан астамы берілді.

Business.enbek.kz порталы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтініштерді қабылдаудың үшінші легі 2023 жылдың қыркүйек айына жоспарлануда. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы