Жамбыл облысында ірі жел электр станциясының құрылысы басталады

Биыл Жамбыл облысында қуаттылығы 1 гигаватт болатын ірі жел электр станциясының құрылысы басталады. Қазіргі таңда жоба қаржыландыру кезеңінде. Бұл туралы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға маманданған Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясы өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.

Абу-Дабиде өткен Тұрақты даму апталығы аясында әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылып жатқан баламалы энергия жобалары таныстырылды. Олардың барлығы араб инвесторларының қатысуымен іске асқан. Жақын уақытта бұл қатарға Қазақстан да қосылмақ.

Мамандардың айтуынша, Жамбыл облысындағы жел электр станциясы Орталық Азияда баламасы жоқ нысан болмақ. Себебі жоба аясында станция жанынан қуаттылығы 600 мегаватт-сағатқа дейін жететін энергия сақтау кешені салынады. Келісім бойынша жобаға 1,4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту көзделген.

БАӘ жаңартылатын энергия өндіру компаниясының бөлім басшысы Мариям Рашид Әл Мазроуидің айтуынша, қазақстандық тараппен стратегиялық әріптестік орнатылған.

Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірліктері жел, күн және су энергиясын өндіру саласында әлемдік көшбасшы болуды мақсат етеді. Компания бұған дейін ел ішінде және шет мемлекеттерде бірқатар ірі жобаларды сәтті жүзеге асырған. Былтыр әлем бойынша жаңартылатын энергия нысандарының жалпы қуаты 65 гигаваттқа жеткен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы