Жамбыл облысында Халық қаhарманы Ғазиз Байтасовты еске алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл сайын жамбылдық полицейлер «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың туған күніне орай еске алу іс-шараларын өткізеді. Биылғы жылы салтанатты шара «Жеңіс» саябағында гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин өзінің фейсбуктегі парақшасында хабарлады.
Құрметті қонақтар қатарында батырдың отбасы мен ішкі істер органдарының ардагерлері болды. Салтанатты шеру қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Арманбек Баймурзин олардың қатарында есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылған Ғазиз Байтасовтың ерекше орын алатынын атап өтті.
Ержүрек полицей туралы естелікті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу - біздің қасиетті парызымыз. Ол еш ойланбастан, өз өмірінің құнымен қауіпті қылмыскердің жолын кесті. Оның елі үшін жасаған ерлігі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, - деп жазды ПД бастығы.
Сондай-ақ, полиция капитанының туған күнінде оның қызметтестері - Тараз қалалық патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің гүл қою рәсімі өтті.