Бүгiн 2026, 01:55 Фото: Primeminister.kz сайты

Жамбыл облысында "ЕуроХим" күкірт қышқылы зауыты іске қосылды

Химия өнеркәсібінде шамамен 20 пайыздық өсімге қол жеткізілді. 

 
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Жамбыл облысында "ЕуроХим" күкірт қышқылы зауытын іске қосу рәсіміне қатысты.

Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге жетеді. Бұл өнім ауыл шаруашылығы, энергетика, металлургия, машина жасау және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Зауыттың ашылуы нәтижесінде 330 жаңа жұмыс орны құрылды.

Аталған өндіріс орны жылына 1 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнім шығаруға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық химия кластерін құруға бағытталған ауқымды индустриялық жобаның бір бөлігі саналады. "ЕуроХим" халықаралық компаниясының бұл жобаға салған инвестициясының жалпы көлемі 1 млрд АҚШ долларын құрайды.

Жоба Мемлекет басшысының еліміздің экономикалық дербестігін қамтамасыз ету және өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру бойынша алға қойған стратегиялық міндеттерін орындауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың бір мысалы. Жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу – екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестіктің нығаюының жарқын үлгісі. Жоба толық қуатына шыққан кезде Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Химия кешені жобасының үшінші кезеңі аясында бүгінде тиісті жұмыстардың 70 пайыздан астамы орындалған. Жобаны толық қуатқа шығару келесі жылдың басына жоспарланып отыр. Барлық өндірістік желілер іске қосылғаннан кейін химия өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін береді, сондай-ақ 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Президент тапсырмаларын орындау аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі экономиканы әртараптандыру және басым бағыттарға инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде соңғы екі жыл бойы өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталып отыр.

Бұл оң үрдіс биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша да байқалды. Химия өнеркәсібінде шамамен 20 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Елімізде полипропилен, күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар, лак-бояу және басқа да тауарларды өндірукөлемі жыл сайын артып келеді.

Анықтама: "ЕуроХим" (EuroChem Group AG) – негізгі өндірістік активтері Ресей, Бельгия, Литва және Қытайда орналасқан халықаралық химия компаниясы. Компания минералды тыңайтқыш өндіру саласында әлемдегі алғашқы бестіктің қатарына кіреді.