Жамбыл облысында екі полицей көлге секіріп, 16 жастағы жасөспірімді құтқарып қалды
Балық аулауға барған жасөспірім көлге құлап, тасқа ілініп қалған. Оны құтқару үшін полицейлер бір сәт те ойланбастан суға секірді.
Жамбыл облысында патрульдік полиция қызметкерлері балық аулау кезінде көлге құлап, өздігінен жағаға шыға алмай қалған 16 жастағы жасөспірімді құтқарып қалды.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, «102» арнасына қала тұрғындарының бірі көлге жасөспірімнің батып бара жатқаны туралы хабарлаған. Оқиға орнына дереу патрульдік полиция экипажы жіберілді.
Полицейлер жеткен кезде жасөспірімнің балық аулау барысында абайсызда суға құлап кеткені анықталды. Ол тасқа ілініп қалып, өздігінен жағаға шыға алмаған.
Жағдайдың қауіпті екенін түсінген полиция аға лейтенанты Маханбет Шаянбаев пен полиция лейтенанты Қасымхан Қалаубек бірден суға секіріп, жасөспірімді аман алып қалды.
Құтқарылған жасөспірім облыс орталығының 16 жастағы тұрғыны болып шықты. Полицейлер оны алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Қазіргі уақытта жасөспірімнің жағдайы жақсы.
Оның ата-анасы полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті, батылдығы және ұлын құтқарып қалғаны үшін алғыс білдірді.