Жамбыл облысында диқаншылар өздеріне тиесілі жерді ала алмай жүргенін мәлімдеді: Әкімдік не дейді?
Жамбыл облысында ондаған шаруа жеті айдан бері өздеріне тиесілі жерді пайдалана алмай отырғанын айтып шағымданды. Олардың сөзінше, кооперативпен арадағы келісімшарттың бұзылғанына бір жылға жуықтаса да, бұрынғы ұжым егістік алқаптарды әлі күнге дейін өз бақылауында ұстап отыр. BAQ.KZ тілшісі аудан басшылығымен байланысып, мәселенің мән-жайын анықтады.
Мәселе "Луговой жылқы зауыты" мен тұрғындардың арасында туындаған. Бірнеше жыл бұрын жерін ЖШС-ге өткізіп, пай үлескері ретінде тіркелген 36 адам компания құрамынан бөлініп шығамыз деп, жерлерін қайтаруды сұраған. Алайда, тұрғындардың сөзінше, олар қазіргі уақытта өздеріне тиесілі жерді ала алмай отыр екен.
Тұрар Рысқұлов ауданының Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаев бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Ол жерде "ЛКЗ" ЖШС, яғни Луговой жылқы зауыты бар. Осы компанияның пай үлескерлері бар, шамамен 170-тен асады. Соның ішінде 36 адам бөлініп шығамыз деген. Оған "ЛКЗ" тарапынан ешқандай қарсылық болмаған. Үлескерлерге тиесілі жерді бөліп береміз деп отыр. Алайда үлескерлер өздерінің кірген жерлері емес, өздері қалаған жерді сұрап отыр. Ол жерді бере салайын десе, серіктестік біраз қарыз салып қойған. Серіктестік "кірген жер учаскелеріңізбен шығыңыздар, оған қарсы емеспіз" деп отыр, - дейді бөлім басшысы.
Нұрлан Көпбаевтың сөзінше, қазір іс сотта қаралып жатыр. Сондықтан одан бөлек мән-жайды айта алмайтынын жеткізді.
Үлескерлер 2008 жылы өз жерлерін пай үлесі ретінде беріп, ЖШС-ге кірген. Сол серіктестік құрамында болған. Олардың кез келген уақытта бөлініп шығуға құқығы бар. Заң бойынша жиналыс қорытындысымен, хаттамалық шешіммен шығуы қажет. Олар былтырдан бері бөлініп шығамыз деп жатыр. Олар ЖШС-мен бірге пай үлескерлерін жинақтап, отырысын өткізіп, бөлінеміз, мына жерлерді аламыз деп кетуі керек еді. Алайда олар тек ауызша бөлінеміз деді. Бірақ оның бәрі заңды түрде реттелетін дүние. Бұған дейін ол жерлер пайдаланылған, пай үлескерлеріне дивиденттері беріліп отырған, пайдасын көрген, - дейді Көпбаев.