Жамбыл облысында биыл мектепке 240 мыңнан астам оқушы барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбылда жаңа оқу жылында 442 мектепке 240 мыңнан аса оқушы барады. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа болжаммен 22 327 оқушы келеді деп күтіліп отыр. Бұл туралы ӨКҚ алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмиля Бекбатырова айтты.

Бүгінде 21 603 (97%) бала қабылданды. Ал ұстаздардың 98,6%-ы короновирусқа қарсы екпе салдырды. Білім ошақтарының барлығы «Ashyq» жүйесі арқылы жұмыс істейді. Ал шектеулерді сақтай отырып, балабақшаларда 20-25 балаға дейінгі топтарда штаттық режимде жұмыс істеуге болады. Өз кезегінде мектептердің барлық 1-11 сынып оқушыларына қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып дәстүрлі оқыту форматын жүргізу, сонымен қатар колледждер мен ЖОО студенттері де осы форматта оқыту ұсынылады, - деді ол.

Білім басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, 2022-2023 оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 3,1 млрд теңге қаржы бөлінген.

Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен 100% қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бүгінгі күні оқулықтарды баспадан тасымалдау жұмыстары басталды. 15 тамызға дейін аяқталады деп күтілуде. Ал облыс мектептері оқу үдерісінде пайдаланатын жұмыс қалпындағы 52 797 дана компьютермен жабдықталған, - деді Бекбатырова.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы