Бүгiн 2026, 19:48
Фото: ҚР ТЖМ
Жамбыл облысында бірнеше күннен бері іздестірілген ер адам табылды
Құтқарушылар жоғалған малды да тапқан.
Жамбыл облысының Меркі ауданында 1982 жылы туған жоғалған шопанды іздеу жұмыстары сәтті аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ер адам 2 мамыр күні Тәтті ауылынан 40 шақырым жердегі құмды аумақта орналасқан қыстақтан мал жаюға шығып, сол күйі хабарсыз кеткен.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, орман шаруашылығы мамандары, кинологиялық топтар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және «Қазавиақұтқару» АҚ авиациясы жұмылдырылды.
Жоғалған азамат жоғалған жерден 35 шақырым қашықтағы шаруа қожалықтарының бірінің аумағынан табылды. Сонымен қатар құтқарушылар жоғалған малды да анықтады.
Ер адамға медициналық көмек қажет болмаған.