Жамбыл облысында бір және екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс көп

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Жамбыл облысы бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 28 252 адам тіркелген, оның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын 13 868 отбасы болса, көпбалалы 3 518 отбасы бар.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, өңірде жер телімі кезегіне 117 266 азамат тіркелген. Былтыр 1189 жер телімі мұқтаждардың үлесіне берілген болса, биыл жыл соңына дейін 1070 жер телімін жамбылдықтарға тапсыру жоспарланып отыр.  

"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында ағымдағы жылы бюджеттен барлығы 19,5 млрд. теңге қарастырылды. Оның 17,5 млрд теңгесі республикалық қазынаға тиесілі. Мұны өткен жылмен салыстыратын болсақ, 3,7 млрд теңгеге артқан. Белгіленген лимитіміз толық алынды, - деді басқарма басшысы.

Жайықбай Шалдарұлының айтуынша, осы қаржы есебінен барлығы 3 085 пәтерлі 48 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жұмыстары басталмақ. Оның ішінде 745 пәтерлі 20 үй арендалық болса, 2 080 пәтерлі 28 үй кредиттік есепте салынады. Жыл соңына дейін 1 835 пәтерлі 32 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, елдің игілігіне беру жоспарланып отырған көрінеді.

Көпбалалы отбасыларға 260 пәтер сатып алу үшін республикалық қазынадан 2,2 млрд. теңге қарастырылды. Арнайы бағдарламаның талаптарына сәйкес, сатып алынатын баспаналар бірінші немесе екінші нарықтан болуы керек. Сонымен қатар, екі бөлмелілердің аумағы 60 шаршы метрден кем емес, пәтердің құны 8,4 млн. теңгеден аспауы қажет. Аталған бағдарламадан тыс, жергілікті бюджет қаражатынан қаралған 2,4 млрд теңгеге де былтыр 8 жатақхананың құрылысын бастаған болатынбыз. Соның 180 пәтерлі 4 жатақханасын иелеріне тапсырып үлгердік. Ал қалған 4 жатақханамен биыл тағы 180 көпбалалы отбасын қуантамыз деген ойдамын, - деді басқармаеың басшысы.  

Жайықбай Шалдарұлы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бағытындағы жобаларды іске асыру үшін бюджеттен барлығы  5,2  млрд теңге қаржы қаралғанын да мәлімдеді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1,5 млрд теңгеге артық әрі 4,4 млрд теңгесі республикалық қазынадан бөлінген. Ал бұл қаржының есебінен 1 541 гектарды немесе 7 860 жер телімін құрайтын 15 тұрғын алқапта 17 жоба іске асырылатын болады.

Биыл 196 гектар аумақта 1 070 жер телімі инфрақұрылыммен қамтылып, таратуға әзірленеді, - деді ол.

Жауапты маманнан білгеніміздей, 2016-2019 жылдар аралығында несиелік тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 16,3 млрд теңгеге бағалы құнды қағаз шығарылған екен. Оның, 10 млрд теңгеден стамы сатылған пәтерден түскен қаржы есебінен қайтарылыпты.  Қалған 6,2 млрд теңгесі келесі жылдың ақпанына дейін сатылымға қойылған пәтерлердің қаражаты есебінен қайтарылуы керек.

Осы жылы 6 млрд теңгеге 10 тұрғын үйдің жобасын тұрғызу қолдау тауып, іске асырылады. Сонымен қатар жалпы құны 6 млрд теңге тұратын 14 тұрғын үйдің жобасы қолдау тауып, өтінім жіберілді, - деген Ж.Шалдаров "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында былтыр өңірде 2 мыңға тарта отбасы пәтермен қамтылғанын айтты. Ал биыл баспанаға мұқтаж 2 437 отбасы қоныс тойын тойлайды.

Басқарма басшысы Тараз қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 19 083 азаматтың пәтерге сұранысы талданғанын жеткізді. Нәтижесінде 9 869-ы немесе 51,7 %-ы бір бөлмелі пәтерге, 5 794 азамат екі бөлмелі пәтерге, 1 319-ы үш бөлмелі пәтерге, 2 101 азамат төрт бөлмелі пәтерге сұраныс жібергені анықталған. Бұдан бір және екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс пайызының жоғары екендігін көрсеміз.

Ағымдағы жылы құрылысы жүріп жатқан және жобалары дайын тұрғын үйлердегі бір бөлмелі пәтерлер 380 болса, екі бөлмелілер 2 185-ті құрайды, ал 3 бөлмелі баспаналардың саны – 660. Осыған байланысты Тараз қаласының әкімдігі жаңа үйлердің жобасын әзірлеу барысында жоғарыдағы сұранысты ескеруі қажет, - деді Ж.Шалдаров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы