Жамбыл облысында балалары түнде қыдырғаны үшін 7 мыңнан астам ата-ана жауапқа тартылды
Жамбыл облысы Полиция департаменті кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен және учаскелік полиция инспекторларымен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ювеналдық полицияның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі - кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты азайту.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдатуды талап етті. Жасөспірімдермен де, оларға қатысты да қылмыс жасалуына жағдай жасайтын қараусыздық фактілерін жою қажет. Ел Президенті жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше назар аударды. Балалар арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізу керек, - деді Бақытжан Малыбаев.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қолайсыз отбасылық жағдайда тұратын балаларды анықтау және оларға көмек көрсету бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.
ПД бастығы азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюдың, халықпен кері байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Ювеналдық полиция инспекторлары кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыруға, іс-шараны тәрбие мақсатында өткізуге қатысады.
Жүйелі негізде түнгі рейдтер жүргізу, кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сату фактілерін анықтау тапсырылды. Тағы бір ерекше назар аударатын мәселе - ойын клубтары мен ойын-сауық орындары.
2024 жылдың 10 айында полиция қызметкерлері 2 214 рейд және алдын алу шараларын ұйымдастырды. Барлығы 12 913 әкімшілік хаттама толтырылды.
Түрлі қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ішкі істер органдарына 8 537 кәмелетке толмаған жеткізілді.
Міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 859 ата-ана ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша 7 036 ата-ана жауапқа тартылды, кафелер мен барлардың 202 әкімшісіне 4 млн 288 мың 500 теңгеге айыппұл салынды.
14 млн 80 мың 400 теңгеге 196 дүкен иелеріне жасөспірімдерге алкоголь өнімдерін сатқаны үшін айыппұл салынды.