Жамбыл облысында балаларға қарсы зорлық пен буллинг әлі де өзекті мәселе – Закиева
Жамбыл облысында балалардың құқықтарының бұзылуы, зорлық-зомбылық, буллинг және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу жүйесін зерделеу бойынша жүргізілген жұмыс барысында бірқатар өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дианара Закиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тексеру Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асқан. Уәкіл мен мемлекеттік органдар өкілдері облыс мектептерінде балалардың құқықтық және психологиялық жағдайына талдау жүргізіп, көптеген мәселелердің жүйелі сипатқа ие екенін анықтаған.
Закиеваның айтуынша, балаларға қарсы қылмыстар үшін жазасыз қалу, мектептерде буллинг пен зорлық-зомбылықты елемеу және статистикалық деректерді бұрмалау жағдайлары жиі кездеседі.
Мысалы, Шу және Қордай аудандарындағы мектептерде оқушылар ақша бопсалау, ұрып-соғу, тіпті электрошокер мен кастет қолдану оқиғалары жиі болатынын жазған. Қыздар болса жыныстық зорлықтан қорқатынын ашық көрсеткен, – деді Закиева.
Кейбір мектеп басшылығы сауалнама нәтижелерін «0% буллинг жоқ» деп бұрмалап көрсеткен. Ал облыстық прокуратураның дерегінше, тек Байзақ пен Жамбыл аудандарында 200-ден астам буллинг пен бопсалау фактісі анықталған.
Уәкіл балалардың қауіпсіздігіне қатысты жағдайдың ушығып тұрғанын атап өтті.
Қыркүйекте Таразда дәретханада қаза тапқан оқушы оқиғасы – тиісті шара қолданылмағанның салдары. Бұған дейін сол мектепте де буллинг туралы деректер тіркелген, бірақ назарға алынбаған, – деді ол.
Сондай-ақ, биылғы тоғыз айда 14 суицид оқиғасы тіркелген, оның жетеуінде балаларды аман алып қалуға мүмкіндік болған. Алайда уақтылы көмек көрсетілмеген.
Полиция органдарының әрекетсіздігі де сынға алынды. Мысалы, өгей әкесінен таяқ жеген 8 жастағы қыздың ісі дәлелдер болғанына қарамастан тоқтатылған. Ал зорлық-зомбылық фактілері бойынша істердің тек 29%-ы ғана сотқа жеткен.
Кейбір ауыл инспекторлары таксимен өз ақшасына барып, қылмыстың ізін суытпай әрекет етуге жағдайы жоқ. 154 қызметкерге небары 15 көлік берілген. Бұл – жүйенің әлсіздігін көрсетеді, – деді Дианара Закиева.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, Президент Әкімшілігі мен орталық мемлекеттік органдар анықталған мәселелер бойынша арнайы бірлескен шаралар жоспарын әзірлеп жатыр.
Мемлекет басшысы балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтың әрбір дерегі бойынша нақты әрекет етуді талап етті. Қабылданған заңдар мен бағдарламалар қағаз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде балалардың игілігіне қызмет етуі тиіс, – деді ол.