Жамбыл облысында ауызсумен қамту жыл соңына 56% жетеді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында Елбасының тапсырмасы бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жөніндегі «Ақ бұлақ» бағдарламасы нақты іс жүзіне асырылуда. 2020 жылға дейінгі бағдарлама аясында өңірдегі 678,5 мың халық тұратын 373 ауылдық елді мекеннің 362,7 мың халқы бар 199-ы немесе 53,3% орталықтандырылған ауызсумен қамтылды.

«Биылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысы аумағындағы 4 қалада тұрғындардың орталықтандырылған сумен қамтылғаны 88% құрады. Оның ішінде Тараз қаласындағы 357 528 адамның 89,3, Қаратау қаласындағы 30 214 адамның 100, Жаңатас қаласындағы 22 383 адамның 100, Шу қаласындағы 36 656 адамның 60 пайызы орталықтандырылған су құбыры жүйесінің игілігін көруде», - дейді облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров.

Жауапты маманның айтуынша, биыл бюджеттен Тараз қаласының сумен қамту саласы бойынша 2 жобаға 1775,2 миллион, ауылдық елді мекендерді сумен қамтуға барлығы 16 жобаға 5222,7 миллион теңге қаржы қарастырылған. Алдағы уақытта Тараз қаласының сумен қамтылмаған аумақтарына ауызсу жеткізу мақсатында 7 жоба әзірлену үстінде. Бұл жобалар іске асатын болса, қала тұрғындары толық ауызсумен қамтылады екен.

«Шу қаласы бойынша қазіргі таңда 7 мыңнан астам халық тұратын «Қосқұдық» алқабының сумен қамту жүйелері құрылыс жобасы әзірленіп, сараптама қарауына тапсырылды. Жобаның құны шамаман 300-350 миллион теңгені құрайды. Жоба толықтай іске асырылған жағдайда қала тұрғындарының 80% орталықтандырылған су құбыр жүйесінің игілігін көретін болады», - деді басқарма басшысы.

Ал аудан басшылығы қаланы алдағы уақытта толықтай таза да сапалы ауыз сумен қамту үшін басқа да жаңа жобалар әзірлеуі қажет.

Н.Алдамжаровтың сөзіне қарағанда, бірқатар ауылдық елді мекендерде биыл жүзеге асырылатын, қаржысы бөлініп қойған 8 жаңа жоба бойынша мердігерлер анықталып, жұмыстары басталуда. Бұрнағы жылдары республикалық бюджет қаражаты есебінен жұмыстары басталған сумен қамту нысандары – Қордай ауданының Қасық, Талас ауданының Есейхан, Сарысу ауданының Арыстанды және Қызылдихан, Шу ауданының Абай ауылдарында жыл соңында пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары таза ауыз суды пайдалануға қол жеткізетін болады.

Сондай-ақ облыстық бюджеттен Мойынқұм ауданының 2017 жылы басталған өтпелі 2 жобасына биыл 596,4 миллион теңге қарастырылыпты, жұмыстар жыл соңында аяқталып, пайдалануға беріледі. Жобалар бойынша пайдаланылатын су көзі – Балқаш көлі, су құбыр желісі арқылы аталған елді мекендерге тазаланған ауыз су жеткізілетін болады.

Осы жұмыстар жүзеге асырылғаннан кейін, жыл соңына қарай өңірдегі 209 ауылдың тұрғындары үшін орталықтандырылған су пайдалану мүмкіндігі тумақ. Сол кезде облыс бойынша тұрғындардың ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 56 пайызға жетпек.

Жергілікті әкімдіктің өкілі бұдан басқа, салалық министрлікке 2020-2022 жылдардағы республикалық бюджеттен қаржы бөлуге 5 ауданның 14 ауылдық елді мекеніне жаңа су құбыр жүйелері құрылысын салу үшін 7090,2 миллион теңгеге өтінімдер тапсырылғанын айтты. Сонымен қатар осындай мақсатқа халықаралық қаржы ұйымдары, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, коммуналдық кәсіпорындар есебінен, басқа да көздерден қаржы іздестірілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы