Жамбыл облысында 9-сынып оқушысы қатарластарын қорқытып, ақша бопсалаған
Оқушының анасына 43 мың теңге айыппұл салынды.
2026 жылдың мамыр айында Мойынқұм ауданындағы мектептердің бірінің 9-сынып оқушысы бірнеше 8-сынып оқушысына буллинг жасап, олардан ақша сұраған. Заң талаптарына сәйкес, мектеп оқушысының анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, – делінген аудандық соттың хабарламасында.
Оқушының анасының кінәсі әкімшілік хаттамамен, полицияға түскен хабарламамен, тараптардың түсініктемелерімен және іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен расталған.
Сот отырысында әйел іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды мойындап, мұндай жағдайдың енді қайталануына жол бермейтінін айтты.
Прокурор оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды сұрады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ата-аналарға ескерту жасау немесе айыппұл салу көзделген.
Сот жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды анықтаған жоқ. Әйел кінәлі деп танылып, оған 43 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық құндылыққа айналатын қоғам қалыптастыруға бағытталған негізгі саяси ұстанымы.