Жамбыл облысында 80 есірткі қылмысының жолы кесілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылдың екі айында Жамбыл облысында есірткі қылмысы бойынша 80 дерек тіркелді, деп хабарланды Polisia.kz сайтында.

Оның ішінде 23 есірткі сату, 8 аса ірі көлемді есірткі затын сақтау дерегі, сондай-ақ 3 есірткі, психотроптық заттарды немесе соған ұқсас прекурсорларды насихаттау және заңсыз жарнамалаумен айналысқандар. 

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Асхат Алметов мәлімдеді.

Арнайы бөлімшенің Шекара қызметімен бірлескен іс-шарасы нәтижесінде есірткі контрабандасының 1 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан барлығы 123 келі 244 гр , оның ішінде героин - 1 келі 12 гр, гашиш – 11 келі  546 гр  және марихуана - 110 келі 678 гр көлеміндегі әртүрлі есірткі құралдары алынды, - делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, полиция подполковнигі Асхат Алметов есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте облыс тұрғындары мен жастары арасында нашақорлықтың алдын алуға, сондай-ақ есірткі қылмыстарын анықтауға, есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласында ұйымдастырылған қылмыстық топтардың іс-әрекетінің жолын кесуге, есірткі заттарынан алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілерін анықтауға және құжаттандыруға баса назар аударды.

Спикер күнделікті мониторинг барысында интернет-кеңістікте синтетикалық есірткі құралдарын таратумен айналысатын 12 интернет-сайт анықталғанын және бұғатталғанын, облыс ПД қызметкерлері "Тараз Жасыл ел" және Жамбыл облысы әкімдігінің жастар басқармасының қызметкерлерін тарта отырып, үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы граффити-жазуларды жою бойынша іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде қала бойынша 300-ге жуық жазулар алынып тасталғанын да тарқатып айтты.

2020 жылдың екі айында облыс орталығында үйлердің қабырғалары мен қоршауларында синтетикалық есірткіні насихаттайтын граффити-жазуларды жазған үш адам қолға түскен.

Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен жоғарыда аталған қылмыстарды ашу, жолын кесу, алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғаса беретін болады, - деді іс-шара соңында полиция подполковнигі А.Алметов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы